Қазақстанның бокстан әлем және Азия чемпионы, бірнеше дүркін ел чемпионы Теміртас Жүсіпов әйеліне күш қолданды деген күдікке ілінді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жанжал туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желіде спортшының әйелінің әпкесі жариялаған жазбадан белгілі болды.
Оның айтуынша, оқиға 29 маусым мен 1 шілде аралығында болған. Зардап шеккен әйел ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, біраз уақыт ес-түссіз жатқан.
Туыстарының мәліметінше, дәрігерлер бастапқыда әйелдің жағдайын өте ауыр деп бағалаған. Алайда кейін Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімет беріп, әлеуметтік желілерде тараған кейбір ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство мәліметінше, әйелге жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, құрысу синдромы, бетінің жұмсақ тінінің көгеруі мен көптеген сырылған жарақат диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, оған ота жасау қажет болмаған.
Науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылғанымен, келесі күні стационарлық емнен өз еркімен бас тартып, амбулаториялық ем қабылдауға кеткен.
Осы оқиғаға байланысты полиция 38 жастағы спортшыға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал жәбірленушінің туыстары тергеудің әділ өтуіне алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, Теміртас Жүсіпов ұсталғаннан кейін бес сағаттан соң босатылған.
Сондай-ақ олар спортшы әйеліне ажырасқан жағдайда өлтіретінін айтып қорқытқанын, өзінің ықпалды таныстары бар екенін алға тартқанын және балаларды өзінде қалдыру үшін әйелін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсететінін айтқанын мәлімдеді.
«12 жыл бойы шыдап келдім»
Басылымдарға берген сұхбатында Теміртас Жүсіпов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, әйеліне қол көтергенін жоққа шығармағанымен, мұны өзін қорғау мақсатында жасағанын айтқан.
Оның айтуынша, жұбайы бұрын еркін күрес пен ауыр атлетикамен айналысқан және отбасында жанжал ұзақ жылдан бері жалғасып келген.
«Ол мені бірнеше рет ұрған. Сол күні кілтпен көзімді шығармақ болды, қайшымен шабуылдады. Мен шыдамай, оны тыныштандырдым. Балалардың бәрін көрді, олар мұны растай алады. Он екі жыл бойы қаншама жанжал, қаншама айғай-төбелес болды. Маған шабуыл жасағанда балалардың артына тығылатынмын. Сабырым таусылған кезде де қатты ұрмауға тырыстым», – деді боксшы.
Оның айтуынша, олар екі баланы тәрбиелеп отыр. Жүсіпов бұл некенің әлдеқашан тығырыққа тірелгенін айтып, балалар үшін отбасын сақтауға тырысқанын жеткізді. Сонымен қатар бұл оқиғаның жария болуы балаларына мектепте кері әсер етуі мүмкін екеніне алаңдайтынын айтты.
Теміртас Жүсіпов – Қазақстандағы ең атақты әуесқой боксшылардың бірі. Ол 2021 жылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Әлемдік әскери ойындардың жеңімпазы және Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы. Сондай-ақ 2025 жылы IBA әлем чемпионаты аясында қола жүлдеге ие болған.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарын жүргізуде.