homepage
@sadenov_online в Instagram

БҚО-да қызметтік міндетін атқару кезінде екі полицей қаза тапты

04.07.2026, 11:45

Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған екі полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 3 шілдеде болған. Апат салдарынан Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиетов көз жұмды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те әлеуметтік желідегі парақшасында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына қайғыра көңіл айтты.

«Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Тасқала аудандық полиция бөлімі қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиетовтің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза табуына байланысты олардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды министр.

Сондай-ақ ІІМ қаза тапқан полицейлердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Оқиғаның нақты себептері мен жол апатының мән-жайы тергеу нәтижесінде белгілі болады.