homepage
polisia.kz

СҚО-да 13 жастағы қыз балаға зорлық-зомбылық жасаған күдікті ұсталды

03.07.2026, 18:50

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында 40 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1 шілде күні кешке 13 жастағы қыз бала дүкенге шыққан сәтте ер адам оған мотоциклмен серуендеуді ұсынған. Сол ұсынысқа сенген жасөспірім онымен бірге кеткен.

Кейін күдікті оны ауылдан тыс аумаққа алып шығып, сол жерде қорлағаны айтылуда. Осыдан кейін қыз бала жоғалып кеткен.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыз баланы туыстары мен ауыл тұрғындары түні бойы іздеген. Ол тек таңғы уақытта, шамамен сағат 05:00-де ауылдан тыс аумақтан табылған.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Күдікті ретінде Айыртау ауданының тұрғыны анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.