Әлеуметтік желілерде Қаскелең қаласында бір топ жасөспірімнің ер адамды соққыға жығып жатқан видеосы тарады. Оқиғаға қатысты Алматы облысы полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Тексеру барысында олардың мас күйінде болған ер адамға дене жарақатын салғаны белгілі болды.
Оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданған. Енді комиссия жасөспірімдерге қатысты тиісті шешім қабылдайды.
Сонымен қатар, заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларға құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Полицияның хабарлауынша, оқиға салдарынан зардап шеккен ер адам арыз жазудан бас тартқан және жанжалға қатысушыларға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген.