Шетелде еркін сатылатын кейбір заттар елге оралғанда үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Жекелеген жағдайларда сатып алынған заттар кеденде тәркіленіп қана қоймай, әкімшілік немесе тіпті қылмыстық жауапкершілікке сде ебеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
"Зиянсыз көрінген кәдесый қымбатқа түсетін қателікке айналуы мүмкін", - деп ескертеді Cargo Force директоры Асад Мирза.
Жалған бренд заттар
Туристердің ең жиі жасайтын қателіктерінің бірі - контрафактілік өнімдерді сатып алуы. Яғни, күмәнді арзан бағамен сатылатын танымал брендтердің логотиптері бар сөмкелер, сағаттар, күннен қорғайтын көзілдіріктер және басқа да тауарларды жиі сатып алады.
Сарапшының айтуынша, көбі мұндай затты арзан олжа ретінде қабылдайды, алайда шекарада жасанды өнім тәркіленуі мүмкін. Нәтижесінде, саяхатшы екі рет шығынданады.
Маржандар, бақалшақтар және басқа да кәдесыйлар
Абай болуды қажет ететін тағы бір тауар санаты - жабайы табиғат нысандарынан жасалған бұйымдар. Бұған маржандар, теңіз бақалшақтары, маржаннан жасалған әшекейлер, сондай-ақ қорғалатын жануарлар мен өсімдік түрлерінен дайындалған заттар жатады. Мұндай кәдесыйлар танымал туристік орындарда жиі сатылады, бірақ оларды экспорттау және кейін басқа елге импорттау халықаралық табиғатты қорғау ережелерімен реттелуі мүмкін.
Мысал ретінде сарапшы туристер естелікке маржан сатып алатын Мысыр мен Мальдив аралдарын келтірді. Олардың кейбіреуі қорғауға алынған, сондықтан оларды әкелу үшін арнайы құжаттар қажет. Рұқсат қағазы болмаса, кәдесый кеденде тәркіленуі әбден мүмкін.
Бұрыш баллоны
Мирзаның сөзінше, ең ауыр зардаптарға бұрыш баллонын сатып алу себеп болуы мүмкін. Көптеген елде, соның ішінде АҚШ пен Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттерінде мұндай өзін-өзі қорғау құралдары еркін сатылады.
Алайда олар тыйым салынған қару түріне жататын елдер де бар. Сарапшы саяхатшылардың баллонды көбіне жеке қауіпсіздігі үшін сатып алып, кейін ұшар алдында оны сөмкесінде ұмытып кететінін атап өтті. Мысалы, Британ заңнамасына сәйкес, бұрыш баллонын заңсыз әкелу және сақтау ірі айыппұлдардан бастап он жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі ауыр жазаға әкелуі мүмкін.
Ет деликатестері және фермерлік ірімшіктер
Шектеулер азық-түлік өнімдеріне де қатысты болуы мүмкін. Мирзаның айтуынша, көптеген турис үйге гастрономиялық кәдесыйлар - мысалы, испандық чоризо немесе француз базарынан фермерлік ірімшік әкелгісі келеді. Бұл ретте ет және сүт өнімдерінің жекелеген түрлеріне шектеулер қойылатынын бәрі бірдей біле бермейді.
Тауар ресми дүкеннен сатып алынса да, бұл оны әкелуге рұқсат берілетініне кепілдік болмайды. Кейбір жағдайларда өнімдер кедендік бақылаудан өту кезінде тәркіленуі мүмкін.
Дәстүрлі дәрі-дәрмектер мен шөптік қоспалар
Сонымен қатар сарапшы дәстүрлі дәрілік заттар мен шөптік қоспаларды сатып алуға мұқият болуға кеңес берді. Саяхат кезінде туристер жиі жергілікті мәдениеттің бөлігі саналатын табиғи препараттарды сатып алады. Мысалы, Үндістанда аюрведиялық құралдар мен түрлі шөптік қоспалар үлкен сұранысқа ие.
Алайда олардың кейбіреуінің құрамында әкелуге шектеу қойылған немесе қосымша тексеруді талап ететін ингредиенттер болуы мүмкін. Сондықтан сатып алмас бұрын өнімнің құрамын және баратын елге әкелу ережелерін мұқият зерделеген жөн.
Ережелерді алдын ала тексеру неге маңызды?
Асад Мирзаның сөзінше, саяхатшылардың көбі заңды әдейі бұзуға тырыспайды. Мәселелер көбіне кедендік талаптарды білмеуден туындайды. Оның айтуынша, мұндай шектеулер қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға, жабайы табиғатты сақтауға және жануарлар ауруларының таратпау үшін қажет.
Сарапшы сапарға шығар алдында немесе кері қайтар алдында елге әкелуге болатын заттардың ережелерін оқып алуға кеңес берді.