homepage
Freepik

Қазақстанда автосақтандыру қымбаттады: кім көбірек төлейді

03.07.2026, 14:58

Қазақстанда автокөлік иелеріне арналған міндетті сақтандыру полисінің бағасы орта есеппен 14%-ға өсті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап. ​

Баға қалай есептеледі?

Реттеуші органның мәліметінше, сақтандыру құны әр жүргізуші үшін жеке есептеледі және бірнеше факторға байланысты қалыптасады:

  • базалық сақтандыру жарнасы (2026 жылы — 1,9 АЕК немесе 8 217,5 теңге);
  • жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтілі;
  • автокөлік түрі және пайдалану мерзімі;
  • тіркеу өңірі;
  • жол-көлік оқиғалары тарихы (бонус-малус жүйесі).

Агенттік кейбір жүргізушілер үшін сақтандыру құны 100 мың теңгеден де асуы мүмкін екенін, бірақ мұндай жағдайлар сирек кездесетінін атап өтті. Әдетте бұл бірнеше рет ірі жол апатына себепкер болған жоғары тәуекелді жүргізушілерге қатысты.

Сақтандыру неге қымбаттады?

Агенттік дерегінше, 2026 жылы есептеу тәртібі өзгермеген. Дегенмен, екі негізгі фактор бағаға әсер еткен:

  • 2026 жылы АЕК 10%-ға өсіп, 4 325 теңгеге жетті;
  • өңірлік коэффициенттер орта есеппен 4%-ға артты.

Осының нәтижесінде сақтандыру құны орта есеппен 14%-ға қымбаттаған. Қазіргі орташа сақтандыру бағасы — шамамен 23 870 теңге.

Кім көбірек төлейді?

Сақтандыру құны әртүрлі санаттағы жүргізушілер үшін бірдей емес. Мысалы:

  • 25 жасқа дейінгі, өтілі 2 жылдан аз жүргізушілер көбірек төлейді
  • 7 жылдан асқан ескі көліктер үшін тариф жоғары болуы мүмкін

Баға жүргізушінің жолдағы тәртібіне де тікелей байланысты. Бонус-малус жүйесі бойынша:

  • апатқа жиі ұшыраған жүргізушілердің класы төмендейді → сақтандыру қымбаттайды;
  • апатсыз жүрген жүргізушілердің класы жоғарылайды → сақтандыру арзандайды.

Мысалы, M2 класындағы жүргізушілер үшін орташа сақтандыру шамамен 92 мың теңгеге жетеді. Ал ең жоғары 13-кластағылар ең төмен тариф төлейді.

Сақтандыру төлемдері қандай?

Жол апаты кезінде төлем мөлшері заңмен белгіленген шектерге байланысты:

  • бір көлікке келтірілген залал – 600 АЕК-ке дейін (2 595 000 теңге);
  • бірнеше зардап шегушіге – 2 000 АЕК-ке дейін (8 650 000 теңге);
  • өмір мен денсаулыққа зиян келсе – 2 000 АЕК-ке дейін.

Кішігірім апаттарда (шығын 100 АЕК-ке дейін, 432 500 теңге) полиция шақырмай-ақ, еурохаттама арқылы рәсімдеуге болады.