homepage
Видеодан кадр

Алматыда үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алған бойжеткен комаға түсті

03.07.2026, 12:34

Алматыдағы Баум тоғайында серуендеп жүрген 19 жастағы бойжеткеннің үстіне ағаш құлап, ол ауыр жарақат алды. Қазір қыз алтыншы күн қатарынан комада жатыр. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Оқиға 27 маусым күні шамамен сағат 15:00-де болған. Зардап шеккен қыздың туыстарының айтуынша, бойжеткен отбасымен бірге серуендеп жүрген кезде алып қураған ағаш кенеттен құлаған. Сол сәтте қатты жел де, жаңбыр да болмаған.

Туыстарының мәліметінше, қыздың бас сүйегі бірнеше жерден сынған, жамбас сүйегі мен аяғы сынған, сондай-ақ денесінің түрлі жерінен ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Алайда, ауыр бас-ми жарақатына байланысты миының ісіну қаупі әлі де жоғары.

Қыздың жақындары әлеуметтік желіде Баум тоғайында әлі де қураған әрі құлау қаупі бар ағаштардың көп екенін айтып, құзырлы органдардан олардың барлығын тексеріп, қауіпті ағаштарды кесуді талап етті.

“Егер бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын болса, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс. Біз қызымыздың есін жиып кететініне үміттенеміз”, – дейді туыстары.

Ал Алматы әкімдігі оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, Баум тоғайы 1877 жылы құрылған. Сондықтан ондағы ағаштардың 70 пайыздан астамы өзінің шекті жасына жеткен. Мамандардың айтуынша, табиғи қартаю салдарынан сырт көзге сау көрінетін ағаштардың өзі құлап кетуі мүмкін.

Сондай-ақ тоғай аумағында ағаштардың құлау қаупі туралы ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

Биыл қалада санитарлық кесу аясында 2 мың қураған, ауру және апатты ағашты жоюға рұқсат берілген. Қазірдің өзінде олардың мыңға жуығы кесіліп, аумақтан шығарылған. Негізінен балалар және спорт алаңдарының маңындағы қауіпті ағаштар жойылған. Қалған ағаштарды жыл соңына дейін кесу жоспарланып отыр.