homepage
fifa.com

VAR-дың арқасында бағы жанды...

03.07.2026, 11:23

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Испания құрамасы Австрияны 3:0 есебімен тас-талқан етіп, келесі кезеңге жолдама алды. Лос-Анджелес стадионында өткен бұл кездесуде Еуропа чемпиондары қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, толық үстемдік жасады. Бұл – тарихи жеңіс. Себебі «Қызыл фурия» 2010 жылғы әлем чемпионатынан бері алғаш рет плей-офф кезеңінде негізгі уақытта жеңіске жетіп отыр.

Ойын бастала сала допқа иелік еткен Испания 36-минутта сол қанаттан Марк Кукурельяның тамаша пасын Оярсабаль қақпа бұрышына сырғыта салды. Есеп – 1:0. Сосын 66-минутта Алекс Баэнаның сол қанаттан әуелете асырған добын оң қапталдың қорғаушысы Педро Порро баспен ұрып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Есеп – 2:0. 89-минутта тағы да сол белсенді Кукурельяның пас беруімен Оярсабаль қорғаушылардан сытылып шығып, дубльдің авторы атанды. Есеп – 3:0.

Есеп бұдан да ірі болуы мүмкін еді. Бірінші таймда Кукурельяның соққан голы ереже бұзылуына байланысты есептелмесе, тайм соңында Баэнаның айып соққысы қақпа маңдайшасына тиді.

Микель Оярсабаль 1986 жылғы Эмилио Бутрагеньодан кейін әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде бір матчта екі гол соққан алғашқы испандық футболшы атанды. Оның биылғы біріншіліктегі голдар саны 4-ке жетті. Әрі Испания бұл турнирде әлі бірде-бір гол жіберген жоқ. Қақпашы Унаи Симон әлем чемпионаттарында қатарынан бес ойын бойы қақпасын таза сақтап (519 минут), Вальтер Дзенганың 1990 жылғы рекордын (517 минут) жаңартты.

Ал Ральф Рангник шәкірттері Испания қақпасына бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Бұл әлем чемпионатының плей-офф матчында 2014 жылғы финалдан (Германия – Аргентина) бері алғаш рет тіркелген жағдай.

Марк Кукурелья мен Алекс Баэна қос қапталдан шабуылды үнемі ширатқан ойыншылар ретінде Испанияның жеңісіне үлкен үлес қосып, нәтижелі пастардың авторы атанды. Ламин Ямаль да белсенді болды, оның бір соққысын Давид Алаба қақпа сызығынан қайтарды.

Енді Луис де ла Фуэнте шәкірттері ширек финалда Португалия құрамасымен кездеседі. Бұл үлкен Пиреней дербиі 6 шілдеде Даллас қаласындағы стадионда өтеді.

Сонымен қатар түнде Португалия құрамасы Хорватияны 2:1 есебімен жеңіп, драмаға толы кездесуде ширек финалға жолдама алды. Торонто стадионында өткен бұл матч қос аңыз Криштиану Роналду мен Лука Модричтің әлемдік біріншіліктегі соңғы текетіресі ретінде тарихқа енді. Әрі бұл кездесуде хорваттардың екі голы VAR араласқан соң есепке алынбады.

Жалпы осы ойында Криштің бағы дәл осы VAR-дың арқасында жанды. Әсіресе, ойын соңындағы VAR шешімдері, соңғы минуттағы голдар және екі жаққа да ауысқан басымдық бұл матчты турнирдің ең тартысты ойындарының біріне айналдырды.

Бірінші таймда қорғаныспен ғана жүрген хорваттардың ардагері Иван Перишич 53-минутта айып алаңының ішінде допты өзіне ыңғайлы етіп тоқтатып, қарсылас қақпасының төменгі бұрышына топ еткізіп, есеп ашты. Есеп – 1:0.

68-минутта Никола Влашич өз айып алаңында Ренату Вейганы құлатты деген желеумен, расында өзі сүйретіліп құлағанына қарамастан, VAR араласып барып пенальти белгіленді. Криштиану Роналду қақпаның ортасына дәл соғып, есепті теңестірді. Есеп – 1:1.

Ойынның негізгі уақытына қосылған 94-минутта Рафаэль Леаудың сол қанаттан асырған тамаша пасын қосалқы құрамнан шыққан Гонсалу Рамуш баспен қақпаға дәл бағыттады. Есеп – 2:1.

Матчтың ең соңғы секундтарында Йошко Гвардиол Португалия қақпасына екінші голды соғып, хорваттар есепті теңестірген еді. Бірақ тағы да VAR араласып, допқа орнатылған арнайы жаңа технологиялық чип доптың Марио Пашаличке тигенін анықтап, оның офсайдта тұрғанын дәлелдеді. Гол есептелмей қалды.

Осылайша VAR-дың арқасында Португалияның бағы жанды. Әйтпесе, ендігі үйлеріне кетіп бара жатар еді.

Ал Криштиану Роналду өз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде гол соқты. Сондай-ақ ол халықаралық ірі турнирлердегі голдар санын 25-ке жеткізіп, еуропалық рекордты жаңартты. Сонымен бірге 41 жастағы Роналду әлем чемпионатының плей-офф тарихында гол соққан әрі алаңға шыққан ең «қарт» ойыншы атанды.

Ал Хорватия құрамасының аңызы Лука Модрич үшін бұл әлем чемпионатындағы соңғы матч болуы әбден мүмкін. Ол алаңнан өте мұңды күйде кетті. Хорватия сапында Ковачич ерекше ойын көрсетіп, екі рет гол соғуға өте жақын болды. Оның бір соққысын қақпашы Диогу Кошта бағанаға бағыттаса, екіншісін қақпа үстінен асырып жіберді.

Осы жеңістен кейін Португалия құрамасы келесі кезеңде Испания құрамасымен кездеседі. Екі алпауыт көрші елдің арасындағы бұл басты текетірес 6 шілдеде Далласта өтеді.

Ал әлем чемпионатының 1/16 финалында Швейцария құрамасы Алжирді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ванкувердегі «Би-Си Плэйс» стадионында өткен бұл кездесуде тәжірибелі еуропалық ұжым қарсыластарына айқын басымдық көрсетті.

Швейцария құрамасы осымен қатарынан төртінші рет әлем чемпионатының 1/8 финалына шығып, өздерінің тұрақтылығын тағы да дәлелдеді.

Швейцариялықтар ойынды өте белсенді бастады. 10-минутта шабуылшы Бреель Эмболо айып алаңындағы қарбаласты сәтті пайдаланып, гол соқты. Есеп – 1:0.

Екінші тайм басталған бойда, небәрі 30 секунд ішінде, Алжир қорғаушыларының қателігін тиімді пайдаланған Дэн Ндойе есепті еселей түсті. Оған тамаша пасты жас талант Йохан Манзамби шығарып берді. Сөйтіп, 46-минутта есеп 2:0 болды.

Жалпы Алжир құрамасы бірінші таймның соңында есепті теңестіруге жақын болған. Рияд Марездің әдемі пасынан кейін 20 жастағы Ибрахим Маза ыңғайлы мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Мурат Якин алаңға шығарған Швейцарияның бастапқы құрамының орташа жасы – 29 жас 180 күн. Бұл Швейцарияның әлем чемпионаттарының плей-офф тарихындағы ең егде әрі тәжірибелі құрамы ретінде тіркелді.

Құрама капитаны Гранит Джака ұлттық құрама жейдесіндегі өзінің мерейтойлық 150-ші матчын өткізіп, футбол тарихында бұл көрсеткішке жеткен 49-шы ойыншы атанды.

Алжир бапкері Владимир Петкович кезінде Швейцария құрамасын жеті жыл бойы жаттықтырған. Алайда бұл жолы бұрынғы шәкірттері оған ешқандай жеңілдік жасамады. Мануэль Аканджи бастаған швейцариялық қорғаныс шебі мен қақпашы Грегор Кобель Алжирдің жұлдызы Рияд Марезге еркін көсілуге мүмкіндік берген жоқ.

Осы жеңістен кейін Швейцария құрамасы 1/8 финалда Колумбия мен Гана жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Бекәлі Жәдік