homepage
Абай облыстық ТЖД

Алакөлде анасы көз жұмып, 13 жастағы қызы аман қалды

03.07.2026, 11:51

Абай облысындағы Алакөл көлінде суға түсуге тыйым салынған жерде қайғылы оқиға болды. Қатты жел мен биік толқын салдарынан жағадан алыстап кеткен анасы мен қызының бірі құтқарылса, әйелді аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 1 шілдеде көл жағалауын күзету кезінде болған. ҚР ТЖМ Қасым Қайсенов атындағы №68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жағадан шамамен 50 метр қашықта суға батып жатқан екі адамды байқайды.

Анықталғандай, 1991 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған қызы суға түсуге тыйым салынған аумақта шомылған. Күшті жел мен толқын оларды жағадан алыстатып әкеткен.

Әскери қызметшілер бірден құтқару жұмысына кірісіп, оларға жағалаудағы куәгерлер де көмектесіп, анасы мен қызын жағалауға алып шықты. Алайда дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қала алмады. Ал 13 жастағы қыз аман қалды, оның жағдайы тұрақты, медициналық көмекке мұқтаж емес.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен демалушыларды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Құтқарушылардың айтуынша, жабдықталмаған және суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылу адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі биылғы шомылу маусымы басталғалы елімізде 42 адамның суға кеткенін, оның ішінде 19-ы балалар екенін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жыл басынан бері 57 адам, оның ішінде 11 бала аман қалған.