Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Гуманитарлық-қаржы колледжінің құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деп айыпталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл іс бойынша бес адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мысалы, кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметова – 6 жыл 6 айға, колледж директоры әрі құжат жүзіндегі құрылтайшы Нұргүл Ербакиева – 6 жылға, бухгалтер Эльмира Сақтағанова – 6 жылға, ал бас бухгалтер Ғалия Жолдасова 4 жылға сотталды.
Бюджет қаржысын заңсыз пайдалану
Тергеу деректеріне сәйкес, 2018 жылдың тамыз айынан 2025 жылдың маусымына дейін Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде мүлдем жұмыс істемеген.
Ал Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде ақылы бөлімде оқыған студенттер жалған бұйрықтар негізінде Ұлттық білім беру деректер базасына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттер ретінде заңсыз енгізілген.
Сот анықтағандай, бұл студенттерге бөлінген бюджет қаражаты оқу орнының шығындарын жабуға және коммерциялық несиелерді өтеуге жұмсалған. Ал студенттер өз оқу ақысын жеке қаражатынан төлеп келген.
Сонымен қатар кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметова Ұлттық білім беру деректер базасына жалған мәліметтер енгізіп, студенттерді қабылдау туралы бұйрықтарды қолдан жасағаны белгілі болды. Бухгалтерлер Эльмира Сақтағанова мен Ғалия Жолдасова құрылтайшының тапсырмасымен шәкіртақы төлеуге қатысты құжаттарды рәсімдеп, бюджет қаражатын аударуға қатысқан. Колледж директоры Нұргүл Ербакиева жалған актілерге қол қойып, несие рәсімдеуге қатысқан.
Мемлекетке келген шығын – 1,3 млрд теңге
Сот мәліметінше, жалған құжаттар рәсімдеу, бұйрықтар дайындау және білім беру деректер базасына жалған ақпарат енгізу арқылы бұл топ мемлекетке жалпы 1 млрд 351 млн 527 мың теңге көлемінде залал келтірген.
Сот Эльмира Дүйсенқызына қатысты мемлекеттік органдардың азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Түркістан облысының білім басқармасы пайдасына сот шешімімен қомақты қаражат өндірілмек.
Алматы қаласындағы коттедж қалашығында орналасқан тұрғын үй мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот бұл мүлік жымқырылған қаражат есебінен алынған деген қорытындыға келген. Бұдан бөлек, Шымкенттегі бір пәтер тәркіленді.
Басқа сотталғандардың мүлкіне салынған шектеулер алынып тасталды, себебі азаматтық талаптар тек негізгі айыпталушыға қатысты қойылған. Сонымен қатар, барлық бес сотталушыға жәбірленушілер қоры пайдасына міндетті төлем белгіленді.
Сот үкімі
Сот үкімінде көрсетілгендей, қылмыстық әрекеттер жүйелі түрде бірнеше жыл бойы жалғасқан. Эльмира Дүйсенқызына келтірілген залалды өтеу үшін бір ай мерзім берілді, ал қаражат өтелмеген жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.
Айта кетейік, ол бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұрын пара беру ісі бойынша делдал болғаны үшін сотталып, кейін тағы бір іс бойынша мемлекетке ірі көлемде залал келтіргені үшін бас бостандығынан айырылған.