homepage
Juzmedia.kz

Қазақстандықтарға жаңа телефон алаяқтығы туралы ескерту жасалды

03.07.2026, 10:19

Қазақстандықтарға өзін Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері ретінде таныстыратын телефон алаяқтарынан сақ болу туралы ескертілді. Алаяқтар азаматтарға салық органынан хат келгенін айтып немесе құжаттарды пошта немесе курьер арқылы жеткізуді ұсынып, кейін SMS арқылы келген растау кодтарын алдап сұрап алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ведомство қызметкерлері азаматтарға хаттың келгені туралы хабарлау, құжаттарды пошта немесе курьер арқылы алу жөнінде ұсыныс жасау үшін қоңырау шалмайды.

Сондай-ақ олар SMS-кодтарды, оның ішінде 1414 нөмірінен келген кодтарды, растау кодтарын, құпиясөздерді, банк карталарының деректерін немесе өзге де жеке мәліметтерді ешқашан сұрамайды.

Ведомствоның айтуынша, алаяқтар мемлекеттік органдарға деген сенімді пайдаланып, түрлі сылтаумен азаматтарды SMS-кодты өз еркімен айтуға көндіреді. Мұндай кодтарды қолға түсірген жағдайда олар мемлекеттік сервистерге, банк қосымшаларына немесе басқа да құпия ақпаратқа қол жеткізуге әрекет етуі мүмкін.

Осыған байланысты комитет белгісіз адам телефон арқылы растау кодын сұраса, сілтеме арқылы өтуді немесе қандай да бір қосымшаны орнатуды ұсынса, әңгімені бірден тоқтатуға кеңес береді. Қажет болған жағдайда ақпаратты тек ведомствоның ресми байланыс арналары арқылы нақтылаған жөн.

Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы құпиясөздерді, SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін және басқа да жеке мәліметтерді сұрамайтынын тағы бір мәрте еске салды. Сондай-ақ қазақстандықтарды бұл алаяқтық тәсілі туралы жақындарына, әсіресе егде жастағы туыстарына ескертуге шақырды.