Алматыдан Астанаға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының жолаушылар ұшағы қолайсыз ауа райына байланысты ұшу әуежайына қайта оралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, KC 7307 рейсі белгіленген кесте бойынша ұшқан. Алайда Астанадағы найзағай мен қарсы желдің қатты соғуы салдарынан экипаж ұшу қауіпсіздігін ескере отырып, Алматыға кері қайту туралы шешім қабылдаған.
Ұшақ әуелі Астанаға, кейін Қарағандыға қонуға әрекет жасаған. Бірақ екі қаладағы қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты қону мүмкін болмаған. Соның салдарынан әуе кемесі Алматыға қайта бағыт алды.
Жолаушылардың айтуынша, ұшақ шамамен үш сағат бойы әуеде болған. Осы уақыт ішінде әуе кемесі қонуға рұқсат етілген салмаққа жету үшін күту аймағында айналып ұшқан. Әуе компаниясы мұның азаматтық авиациядағы қалыпты қауіпсіздік рәсімі екенін атап өтті.
«Алматы – Астана бағытындағы KC 7307 рейсі кестеге сәйкес ұшты. Алайда Астанадағы қолайсыз метеожағдайға (найзағай, қатты қарсы жел) байланысты экипаж ұшу әуежайына қайту туралы шешім қабылдады. Ұшу әуежайына оралу және күту аймағында айналып ұшу – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын стандартты рәсімдер», – деп хабарлады Air Astana компаниясының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта рейс Астанаға қайта ұшуға дайындалып жатыр. Әуе компаниясы кешіктірілген рейстің жолаушыларына қолданыстағы тасымалдау қағидаларына сәйкес қажетті қызметтер, соның ішінде тамақтану мен қажет болған жағдайда қонақүйге орналастыру қарастырылатынын мәлімдеді.