Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қайтыс болғандар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Қаңтар-наурыз айларында ел бойынша 31,2 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 31 мың көрсеткішпен салыстырғанда небәрі 0,6%-ға артық. Соңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш әлі де төмен деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еnergyprom жазуынша, өңірлер бойынша ең көп өлім-жітім Алматы қаласында тіркелген — 2,8 мың адам. Одан кейін Қарағанды (2,6 мың), Түркістан (2,3 мың), Алматы облысы (2,2 мың) және Қостанай (2 мың) облыстары тұр.
Жерлеу қызметінің көлемі өскен
Алайда осы кезеңде жерлеу қызметтерінің көлемі айтарлықтай артқан. 2026 жылдың алғашқы үш айында бұл нарық 1,8 млрд теңгеге жетсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 837,9 млн теңге болған. Яғни, бір жыл ішінде екі еседен астам өсім тіркелді.
Қалалардағы көрсеткішпен қатар ауылдық жерлерде де аздаған арту байқалады: нарық көлемі 82,1 млн теңгеден 112,9 млн теңгеге дейін, яғни 37,6%-ға өскен. Дегенмен жалпы нарықтағы негізгі үлес әлі де қалаларға тиесілі.
Ұзақмерзімді динамика біркелкі емес. Соңғы жылдары алғашқы тоқсандағы көрсеткіштер айтарлықтай құбылып келді: 2022 жылы 6,9 млрд теңге болса, 2023 жылы 1,5 млрд теңгеге дейін төмендеген, ал 2024 жылы қайтадан 2,1 млрд теңгеге жеткен.
Баға өсімі және нарықтағы өзгерістер
Жылдық деректер нарықтағы өзгерістің тіпті жоғары екенін көрсетеді. 2025 жылы жерлеу қызметтері нарығы 22,2 млрд теңгеге дейін ұлғайып, бір жылда 3,5 есе артқан. Бұл ретте 2023 жылғы көлем небәрі 2,8 млрд теңге болған еді.
Нарық құрылымы да айтарлықтай өзгерді. 2025 жылы жерлеу және кремация қызметтері 14,8 млрд теңгені құрап, жерлеу бюроларының қызметінен (7,4 млрд теңге) басым түсті. Алдыңғы жылдары негізгі үлес дәл осы бюроларға тиесілі болатын.
Мұндай бетбұрыс тек халық шығындарының өзгерісін емес, есеп жүргізу ерекшеліктері мен қызмет құрылымының ауысуын да көрсетуі мүмкін. Өлім-жітім саны тұрақты болғанымен, қызметтердің қымбаттауы мен құрылымының өзгеруі жалпы нарық көлемін өсіріп отыр.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында ритуалдық қызметтердің бағасы 7,1%-ға өсті. Өсім қарқыны 2023–2024 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда баяулағанымен, жалпы тренд жоғары деңгейде қалып отыр.
Аймақтар бойынша ең жоғары өсім Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында тіркелді. Ал кейбір өңірлерде баға өзгеріссіз қалған.
Жалпы алғанда, ритуалдық нарық енді өлім-жітім санына емес, қызмет құны мен оның құрылымына көбірек тәуелді болып барады. Бұл жағдай халық үшін қаржылық жүктеменің артуына әсер етуі мүмкін.