homepage
Depositphotos.com

Қарағандыда жол жөндеу кезінде жұмысшы қаза тапты

02.07.2026, 16:17

Қарағанды қаласында Республика даңғылы бойында жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде ауыр өндірістік жазатайым оқиға болып, 53 жастағы жұмысшы асфальт төсейтін катоктың астында қалып көз жұмды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 2 шілдеде шамамен сағат 14:30 шамасында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол-құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан серіктестіктердің бірінде еңбек еткен 62 жастағы қызметкер асфальт катогын басқарып, кері бағытта қозғалған кезде әріптесін байқамай қағып кеткен.

Соққы салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Құқық қорғау органдары қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы да тексерілмек.

Мұндай қайғылы жағдайлар көбіне жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерінің толық сақталмауы немесе адам факторының әсерінен болатыны айтылады.