Таиландта пикап көлігін тізгіндегген 11 жастағы бала будда монахтары тобына соғылып, соның салдарынан 8 адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сондай-ақ оқиға салдарынанр тағы 18 адам жарақат алды.
Оқиға елдің солтүстік-шығысындағы Мукдахан провинциясының Муанг ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, будда дінінің 34 монахы және оларды сүйемелдеген бес адам бір ғибадатханадан екіншісіне мінәжат ету үшін жаяу бара жатқан.
Қайғылы жағдай кезінде көлікті басқарған 11 жастағы баланың даму ерекшеліктері бар екені айтылды. Ол отбасының рұқсатынсыз пикапты алып шығып, шамамен 10 шақырым жүргеннен кейін монахтар тобына барып соғылған.
Соққы салдарынан бес монах оқиға орнында көз жұмған, тағы үшеуі ауруханада алған жарақаттарынан қайтыс болған. Жалпы 18 монах жарақат алған, олардың 13-інің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Сондай-ақ зардап шеккендер арасында төрт адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Полиция мәліметінше, әзірге ешкімге ресми айып тағылған жоқ. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Баланың өзі тергеуге алынбаған, себебі ол шок жағдайында болған және әзірге жауап бере алмаған.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасып жатыр.