ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасын әзірледі. Цифрлық платформа медиация тәртібімен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша банк және микроқаржы омбудсмандары негізінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Fingramota.kz-ке сілтеме жасап.
Платформа кімдерге арналған?
Жаңа сервис бір уақытта бірнеше кредитор - банктер, микроқаржы ұйымдары не коллекторлық агенттіктер алдында тұтынушылық кепілсіз кредиттер, яғни мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.
Енді қарыз алушыға берешекті реттеу мәселелері бойынша әрбір кредиторға жеке-жеке жүгіну қажет болмайды. Ол finkelisim.kz платформасында олардың алдында міндеттемелері бар барлық кредитор қарайтын бір өтініш бере алады.
Медиатордың қызметтерін қоспағанда, қарыз алушының ұжымдық реттеу рәсіміне қатысуы тегін. Бұл ретте 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатордың қызметтеріне төленетін шығыстар банк және микроқаржы омбудсмандарының есебінен өтелетін болады.
Finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинайды және жолданымды қарауға қажетті ақпаратты қалыптастырады.
Жолданымды қарау және кредиторлармен талаптарды келісу нәтижелері бойынша қарыз алушыға 5 жылға дейінгі мерзімге, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін.
Платформада кімдер өтініш бере алады?
Платформада өтінішті бір уақытта мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін қарыз алушы бере алады:
Бұл ретте ұжымдық реттеу рәсіміне мынадай қарыздары бар қарыз алушылар қатыса алмайды:
Ең алдымен қарыз алушы өзінің жеке басын растау және бөгде адамдардың өтініш беруін болдырмау үшін платформада тіркеуден, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Содан кейін ол берешекті реттеуге өтініш береді.
Бұдан әрі платформа кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушының ұжымдық реттеу шарттарына сәйкес келетіндігін автоматты түрде тексереді.
Егер қарыз алушы белгіленген шарттар мен өлшемшарттарға сәйкес келсе, платформа реттеу аясына енгізілуі мүмкін кредиттер тізімін жасайды және бұл ақпаратты кредиторларға жібереді.
Кредиторлар қарыздар бойынша мәліметтерді тексереді және берешек мөлшерін растайды. Осыдан кейін платформада қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар жіберіледі: омбудсманның шешімі бар хаттама, қарызды өтеудің бірыңғай кестесі, медиатормен шарт, сондай-ақ әрбір кредитормен медиативтік келісімдер.
Кредиттер бойынша мiндеттемелердi орындауға мүмкiндiгi жоқ қарыз алушылар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабiлетiн қалпына келтiру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде соттан тыс банкроттық рәсiмiн қолдануға өтiнiш беру туралы мәселенi қарауға құқылы.