2 шілдеде Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні тоқтату үшін жіберілген. Жеңіл автокөліктің жүргізушісі жол қозғалысының өзге қатысушыларының қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Қызметтік міндетін атқару кезінде Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған.
Апат салдарынан алған жарақаттарынан полиция капитаны оқиға орнында көз жұмды.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция департаменті Бауыржан Қонысбековтің қызметтік борышы мен антына соңына дейін адал болып, өз міндетін абыроймен атқарғанын атап өтті.