homepage
Видеодан кадр

Ақтөбе тұрғынын бір топ адам ұрып-соғып, көлігін тартып алмақ болған

02.07.2026, 12:03

Ақтөбеде ер адамды заңсыз ұстап, көлігін өз атына рәсімдеуге мәжбүрлемек болған бес адам ұсталды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына 38 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, бір топ адам өзін заңсыз ұстап, мүлкін тартып алмақ болған.

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, күдіктілер жәбірленушінің танысы оның банк картасынан ақша аударған деген сылтаумен одан өзіне тиесілі автокөлікті олардың атына рәсімдеуді және қосымша ақша беруді талап еткен.

Арыз иесінің айтуынша, күдіктілер оны көліктің ішінде бірнеше сағат бойы заңсыз ұстап, күш қолданып, талаптарын орындауға мәжбүрлеген.

Полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, арнайы мақсаттағы жасақтың қатысуымен аталған бес күдіктінің барлығын ұстады.

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты бопсалау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.