homepage

Мпаси Жудқа жұт болды…

02.07.2026, 11:11

Ала доптың отаны Англияның - талантты футболшыларында қисап жоқ. Содан болар, бұл елдің футболдан ұлттық құрама тізгінін ұстағандар команда жасақтаудан қиналады. Мәселен, биылғы ала доп аламанына Томас Тухель апарған ойыншылар тізіміне Фил Фоден, Коул Палмер, Трент Александер-Арнольд, Джерод Боуэн секілді саңылақтар кірмей қалды.

Ал тізімге ілінгендері кіл мықты. Сен тұр, мен атайын. Алайда 1966 жылдан бері әлем чемпионатынның ақтық айқасында жеңбек түгілі, шығып көрмеген осы Англия құрамасы дүниежүзілік һәм құрлықтық додаларда үнемі ала-құла ойын көрсетеді. Тіпті, бір жылдары топтан шыға алмай қалған кездері болды. Кеше де әлем чемпионатының 1/16 финалында (плей-офф) Англия құрамасының Конго ДР командасымен ойыны опақ болды. Әсіресе, бүкіл тұманды Альбион жұрты үміт артқан Джуд Беллингем үшін Конго ДР қақпасы жұт болды. Ал Кейн үшін құт болды...

Ойын басталмай жатып, Конго ДР құрамасы 7-минута есеп ашты. Шансель Мбембаның әуелете берген пасынан кейін Брайан Сипенга айып алаңына еркін кіріп, қақпаның сол жақ алтылығынан саңылау тауып, Джордан Пикфордты қапы қалдырды. Есеп 0:1. Осы голдан кейін ағылшындар есеңгіреп қалды. Ойынның 30-минутына дейін олар қарсылас қақпаға бірде-бір соққы жасай алмады. Су ішіп, аяқ суытқан соң сәл ес жиған әріптестері Джуд Беллингемге әуеле әдемі екі пас берген. Екеуін де Джуд жұтынып келіп ұрған. Конго қақпашысы Лионель Мпаси мыңқ етпеді. Екеуін де шебер қайтарды. Сосын қақпа алдындағы кезекті бір қарбалас кезінде, сол қапталда жүрген Маркус Рэшфордтың солқылдақтау соққысын қорғаушы Аарон Ван-Биссака сызық үстінен қағып тастады. Қарымта шабуылға иек артқан Конго шабуылшысы Йоан Висса 42-минутта есепті еселейтін мүмкіндікті жіберіп алды. Оның жойқын соққысы қақпа бағанына тиді. Артынша Харри Кейн қарсылас айып алаңында құлағанымен, төреші пенальти бермеді. Екінші таймда Томас Тухель екі қапталдағы шабуылшыларды ауыстырып, алаңға Энтони Гордон мен Букайо Саканы шығарды. Дәл осы шешім ойын тағдырын шешті. 75-минутта Энтони Гордонның сол қанаттан асырған әдемі пасын капитан Харри Кейн баспен қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестірді. 1:1.

Араға 11 минут салып, 86-минутта тағы да сол Гордонның берген пасынан кейін Харри Кейн айып алаңының ішінде қорғаушылардан сытылып шығып, қақпаның жоғарғы бұрышын дәл көздеді. Есеп 2:1.

Осылайша Англия құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатында бірінші таймда ұтылып жатып, матчты жеңіспен аяқтады. Бұл команданың психологиялық дайындығы мен жеңіске деген жігерінің сапасын көрсетсе керек. Ал қосалқы құрамнан шыққан Энтони Гордон матчтың нағыз қаһарманы. Ол алаңға шыққан соң екі нәтижелі пас беріп, шабандаған шабуылды ширатты. 80 минут бойы бір дамылдамаған Деклан Райс та бұл матчта ғажап өнер көрсетіп, тіпті Тухельдің нұсқауымен оң қапталдың қорғаушысы да бола білді. Ал өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шыққан Конго ДР құрамасы әлемнің үздік командаларының біріне өте лайықты қарсылық көрсетті. Қақпашы Лионель Мпаси 5 ғажап сейв жасап, командасын бірнеше рет голдан құтқарды. Осы жеңістен кейін 1/8 финалына жолдама алған Англия құрамасы келесі кезеңде турнир қожайындарының бірі Мексика құрамасымен атақты «Ацтека» стадионында кездеседі. 

Бүгін түнде болған тартысты ойындардың бірі Бельгия мен Сенегал арасында өтті. Қызыл сойқандар Сенегал командасын қосымша уақытта 3:2 есебімен жеңіп, турнир тарихындағы ең керемет камбэктердің бірін жасады. АҚШ-тың Сиэтл қаласында өткен бұл матч нағыз драма мен шиеленіске толы болды. Кездесуді «Теранга арыстандары» өте белсенді бастады. 25-минутта Садио Мане асырған пастан кейін Исмаила Саррдың баспен соққан соққысы қақпа бағанына тиген. Кері серпілген допқа бірінші жеткен Хабиб Диарра есепті ашты. 0:1.

Екінші таймның басында яғни 51-минутта Мусса Ньякатенің алыстан берген пасын Исмаила Сарр кеудесімен тамаша тоқтатып, Тибо Куртуа қақпасына екінші голды салды. Есеп 0:2.

Ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда, Бельгия бапкері Руди Гарсия алаңнан Кевин Де Брюйне мен Жереми Докуды алып тастап, шабуылды күшейтті. Бұл тактикалық өзгеріс өз нәтижесін берді. 86-минутта Тома Меньенің оң қанаттан жерлете берген пасын алаңға тыңнан қосылған Ромелу Лукаку қақпаға дәл соғып, есеп айырмасын қысқартты. 1:2.

89-минутта Леандро Троссардың әуелете асырған добын Бельгия капитаны Юри Тилеманс баспен соғып, есепті теңестіріп, матчты қосымша уақытқа ұластырды. 2:2.Қосымша уақыттың соңғы секундтарында (120-минутта) Сенегал айып алаңында Ламин Камара - Юри Тилемансқа қарсы ереже бұзды. Бас төреші Эктор Мартинес VAR мониторына 7 минут телміріп, тексеріп, пенальти белгіледі. Юри Тилеманс 124 минут 44 секундта пенальтиді дәл орындап, Бельгияға жеңіс сыйлады. Есеп 3:2.

Осылайша Юри Тилеманстың соққан пенальтиі (124:44) әлем біріншіліктерінің финалдық кезеңдерінде ең кеш соғылған жеңіс голы ретінде рекордқа енді. Жалпы, Бельгия құрамасы өз тарихында осымен екінші рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде 0:2 есебімен ұтылып жатып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алғаш рет дәл осындай камбэекті олар 2018 жылы Жапонияға қарсы жасаған. Енді 1/8 финалда олар АҚШ құрамасымен кездеседі. 

Таң ата өткен кездесуде АҚШ құрамасы Босния және Герцеговина командасын 2:0 есебімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды. Санта-Кларада өткен бұл матч алаң иелері үшін өте ауыр болды. Себебі ойынның соңғы 30 минутында олар бір ойыншы кем ойнауға мәжбүр болды. 

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап Маурисио Почеттиноның шәкірттері допты толық бақылауға алды. Алайда Босния құрамасы қорғаныс шебін шебер құрып, алаң иелерінің айып алаңына жақындауына мүмкіндік бермеді. Ойынның 33-минутында Фоларин Балогун гол соққанымен, ол офсайд болып, есептелмеді. Бірінші таймның соңында 45-минутта Тим Рим орталық алаңда допты тартып алып, Тайлер Адамсқа берген. Адамстың пасынан кейін Малик Тиллман допты Фоларин Балогунға сырғытты. Ол қақпашы Никола Василдің астынан допты өткізіп, есепті ашты. Артынша бірінші таймның қосымша уақытында Балогун тағы да соққы жасаған, доп қақпа бағанына тиді.

Ал екінші таймның 64-минутында голдың авторы тағы да сол Фоларин Балогун допқа таласу барысында босниялық қорғаушы Тарик Мухаремовичтің аяғын басып кетті. Төреші Рафаэль Клаус VAR жүйесін қарағаннан кейін Балогунға тікелей қызыл қағаз көрсетіп, шабуылшыны алаңнан қуды. Осылайша бір ойыншысы кем қалған АҚШ құрамасы қорғанысқа көшті. Алайда 82-минутта Сержиньо Дест қарсылас айып алаңының маңында стандарт орындайтын мүмкіндік алды. Оны тепкен матчтың үздік ойыншысы Малик Тиллман айып соққысын тікелей тоғыздыққа шірене тартып, есепті еселеді. Босния құрамасының бас бапкері Сергей Барбарез бұл сәтте төрешінің шешіміне наразылық танытып, сары қағаз алды.

Төреші қосқан 10 минуттық қосымша уақытта АҚШ қорғанысы сыр берген жоқ. 10 ойыншымен қалғаннан кейін АҚШ құрамасы жылдам 4-4-1 жүйесіне көшті. Ардагер қорғаушы әрі капитан Тим Рим бастаған қорғаныс шебі Босния шабуылшысы Эдин Джеко мен оның серіктестеріне қауіпті соққы жасауға мүлдем мүмкіндік бермеді. Ойынбарасында АҚШ сапынан оң қанатта ойнаған қорғаушы Алекс Фримен ерекше көзге түсті. Ол командада ең көп доппен тепкен және ең көп пас берген ойыншы атанды.

Бұл жеңіс АҚШ құрамасының 2002 жылдан бері әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі алғашқы жеңісі. Енді ширек финал жолдамасы үшін АҚШ Бельгия құрамасымен кездеседі. Айта кетейік, Бельгияға қарсы матчқа шабуылшы Фоларин Балогун қатыса алмайды.

Бекәлі Жәдік