homepage
polisia.kz

Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 80-нен астам дерек тіркелді - ІІМ

02.07.2026, 10:53

Қазақстанда жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оларға басшылық ету және олардың қызметіне қатысу деректері бойынша 38 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта түрлі қылмыстарға қатысы бар қылмыстық орта өкілдерінің 160-тан астамы қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, құқық қорғау органдары азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударып отыр.

– Полицейлер кәсіпкерлерге, білім беру ұйымдарына қатысты және өзге де жағдайлар бойынша 270-тен астам бопсалау дерегін анықтады. Сондай-ақ өңірлерде жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, – деді Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары да күшейтілген. Жыл басынан бері түзеу мекемелерінде қылмыстық орта өкілдерінің заңды талаптарға бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіруі бойынша 50-ден астам қылмыстық іс қозғалған.

Министрлік трансұлттық қылмысқа қарсы күрес аясында да бірқатар шара қабылдаған. Соның нәтижесінде «заңдағы ұры» санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.

– «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталды. Зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың құқығы қорғалды, – деді ІІМ өкілі.

Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң бұзғандардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.