homepage
juzmedia.kz

Құрылтай депутаттарын сайлауға қаржы қайдан бөлінеді

02.07.2026, 09:38

Қазақстанда алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауын қаржыландыруға арналған шығындар Үкіметтің резервінен бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, қазір аумақтық сайлау комиссиялары қажетті бюджет өтінімдерін әзірлеп жатыр. Соның негізінде Орталық сайлау комиссиясы жалпы шығыс сметасын жасап, Үкіметтің қарауына ұсынады. Сайлауға қанша қаражат бөлінетіні кейін Үкіметтің шешімімен нақты бекітіледі.

Михаил Бортниктің айтуынша, Құрылтай депутаттарын сайлау республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

– Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге арналған шығындар 2026 жылдың республикалық бюджетінде қарастырылмаған. Сондықтан қажетті қаражат Үкіметтің резервінен бөлінеді. Әзірге нақты сома туралы айтуға ерте, өйткені шығындар сметасы әлі қалыптасып жатыр. Дегенмен алдын ала есеп бойынша, сметаның шамамен 75 пайызы 71 мың сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Бұл көрсеткіш өткен республикалық референдум кезіндегі шығындармен шамалас, әрі біз осы деңгейдегі қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник.

Қалған қаражат сайлау науқанын ұйымдастыруға бағытталады. Атап айтқанда, сайлау бюллетеньдерін, ақпараттық плакаттар мен саяси партиялар туралы материалдарды басып шығаруға, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жұмсалады.

Сонымен қатар теледидар мен радиода көрсетілетін бейне және аудиороликтерді әзірлеу, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сайлау комиссияларының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, көлік, байланыс және іссапар шығындары да сметаға енгізіледі.

Еске салайық, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін және Қазақстанның жаңа парламенттік басқару моделіне көшу аясында өтеді.