Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингтің үздік бестігіне алғаш рет енгеннен кейін жанкүйерлеріне алғыс айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үш дүркін блицтен әлем чемпионы Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ресми рейтингінен скриншот жариялап, өзіне қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бұдан да биік белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.
«Осы жолда маған қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет! Алда бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұр», – деп жазды Бибісара өзінің Telegram-арнасында.
2026 жылдың шілде айына арналған жаңартылған FIDE рейтингінде 22 жастағы Бибісара Асаубаева 2538 рейтингтік ұпаймен алғаш рет әлемнің ең үздік бес шахматшысының қатарына көтеріліп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Бұл жетістік оның табысты маусымының заңды жалғасы болды. Биыл ол Кипрде өткен Үміткерлер турнирінде екінші орын иеленіп, кейін Ослода ұйымдастырылған Norway Chess Women – 2026 турнирінің жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарында Бибісара әлемдік рейтингте 2497 ұпаймен 11-орында тұрған болса, маусым айында 2527 ұпаймен 7-орынға көтерілген еді. Енді ол алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік бестігіне енді.