homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда 25 мыңнан астам заңсыз қайта сату дерегі анықталды

01.07.2026, 16:37

Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесін енгізу фармацевтикалық нарықтағы бақылауды күшейтіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Соңғы деректерге сәйкес, жүйе тегін берілетін дәрі-дәрмектердің дәріханаларда қайта сатылуының 25 мыңнан астам жағдайын тіркеген. Бұған дейін мұндай заңсыз әрекеттер негізінен тексерістер барысында ғана анықталса, енді олар автоматты түрде жүйе арқылы көрініп отырады.

Қазіргі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат бірлігі таңбаланған. Оның 604 миллионы – импорттық өнімдер болса, 400 миллионы – отандық өндірушілердің дәрілері. Сондай-ақ, 457 миллионнан астам қаптама түпкілікті тұтынушыларға жеткізілген.

Жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – әрбір дәрі қаптамасына берілетін бірегей Data Matrix коды арқылы оның қозғалысын толық бақылау мүмкіндігі. Бұл жалған дәрілердің айналымға түсуін және заңсыз қайта сатуды айтарлықтай қиындатады.

Цифрлық таңбалау жүйесі күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтап, тиісті ақпаратты уәкілетті органдарға жедел жолдайды. Сонымен қатар ол фармацевтикалық нарықтағы импорт пен отандық өнім көлемін нақты бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын арттырып, пациенттердің қауіпсіздігін күшейтуге және дәрі сапасына бақылауды жақсартуға бағытталған маңызды цифрлық құралға айналған.