Алматы қаласының Түрксіб ауданында жеке тұрғын үйдің жертөлесінен ер адамның мәйіті табылды. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мәйіт полиэтиленге оралған күйде табылған. Оқиға орнына дереу тергеу-жедел тобы жетіп, қажетті тексеру жұмыстарын жүргізді. Қаза тапқан азаматтың жеке басы анықталды.
Алдын ала деректер бойынша, марқұм үй мен пәтер жөндеу жұмыстарымен айналысқан. Ол қайғылы жағдай болған күні осы үйде болғаны белгілі болып отыр.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері үй иесін ұстады. Күдіктінің айтуынша, жұмысшы белгісіз жағдайда ауыр жарақат алып, көз жұмған. Алайда оның айтуынша, ол бұл туралы жедел қызметтерге хабарлаудың орнына мәйітті жертөлеге жасырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, үй иесі оқиға туралы тиісті органдарға хабар бермей, марқұмның денесін жасырып қойған. Кейін мәйітті полиция қызметкерлері тапқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Сараптама марқұмның нақты өлім себебін анықтауы тиіс.