Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, пара алғаны үшін 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұрынғы директор мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаға теңестірілген адам бола отырып, міндетті тестілеу мен аттестаттаудан өтпеген 12 мұғалімге заңсыз түрде біліктілік санатын берген. Сондай-ақ мұғалімдердің бірінен пара алғаны анықталған.
Осының салдарынан аталған мұғалімдерге бюджеттен жалпы сомасы 16 миллион теңгеден астам жалақы негізсіз төленген.
Алғашқы сот талқылауы кезінде экс-директорға қатысты қылмыстыққұқық бұзушылық дәлелденбеді деп танылып, ол ақталған болатын.
Алайда Бас прокуратураның кассациялық наразылығы нәтижесінде ақтау үкіміның күші жойылып, іс қайтадан апелляциялық тәртіппен қарауға жіберілді.
Істі қайта қараған сот бұрынғы директорды лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және пара алу баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.