Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік медициналық мекеменің басшылығына қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, «IBN SINA» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша көрсетілген медициналық қызметтерді рәсімдеу кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның – кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы қызметінің кодын пайдаланған.
"Соның салдарынан 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызмет көрсетілген болып рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған", - делінген ҚМА хабарламасында.
Сонымен қатар 19 жағдайда пациенттер аталған клиникаларға мүлде жүгінбегендерін мәлімдеген.
Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал 221 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.