homepage
t.me/KZgovernment

Қазақстанда бастауыш сыныптардағы оқу жүйесі өзгереді

01.07.2026, 11:54

Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу бағдарламасы жаңартылады. Жаңа Конституцияда білім мен адам капиталы елдің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалғаннан кейін, Оқу-ағарту министрлігі бастауыш білім беру жүйесін қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, негізгі мақсат – оқушылардың оқу жүктемесін азайтып, білім мазмұнын жеңілдету және оқу, жазу, математика мен функционалдық сауаттылықтың берік негізін қалыптастыру.

Жаңарту аясында -–4-сыныптарға арналған «Математика» пәнінің 244 оқу мақсаты толық қайта қаралған. Бағдарлама өмірде қолдануға ыңғайлы әрі практикалық бағытқа бейімделеді. Күрделі тақырыптардың шамамен үштен бірі жеңілдетіліп, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сай келмейтін тақырыптардың 14 пайызы алынып тасталады немесе жоғары сыныптарға ауыстырылады.

Сонымен қатар бірінші сынып оқушылары үшін оқу жылының басында арнайы бейімделу кезеңі енгізіледі.

Тілдік пәндердің мазмұны да өзгереді. Әліппеге дейінгі дайындық кезеңі 12 сағатқа дейін ұзартылып, «Әліппе» пәніне 84 сағат бөлінеді. Ал «Ана тілі» пәні оқу жылының екінші жартысында оқытылады.

Бұдан бөлек, қазақ тілінде алғаш білім алатын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы іске қосылады. Министрліктің жоспарына сәйкес, бұл бағдарламамен қамту деңгейі:

  • 2026 жылы – 50%;
  • 2027 жылы – 80%;
  • 2028 жылы – 100% болады.

Министрдің айтуынша, жаңартылған бағдарламалардың нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15 пайызға, ал 2028 жылдың соңына қарай 35 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Осылайша, жаңа оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшелігіне сай әзірленіп, бастауыш білімнің сапасын арттыруға және оқушыларға түсетін жүктемені азайтуға бағытталмақ.

«Оқытуды қазақ тілінде алғаш бастайтын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі. Бағдарламамен қамту көрсеткішін 2026 жылы – 50%-ға, 2027 жылы – 80%-ға, ал 2028 жылы – 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жаңартылған оқу бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15%-ға, ал 2028 жылдың қорытындысы бойынша 35%-ға арттыру көзделген», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.