Қазақстанда жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында тағы 18 заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, түзетулер жаңа Конституцияда бекітілген әділдік, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлік және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын толық іске асыруға бағытталған.
Министрдің айтуынша, заңнамалық өзгерістер сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мәдениет және кинематография салаларын қамтиды.
Сонымен қатар неке және отбасы туралы заңнаманы жетілдіру үшін мемлекеттік органдар, ғалымдар, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр.
Аида Балаева жаңа Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде нақты бекітілгенін атап өтті.
«Осы мақсатта мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, Ұлттық комиссия мүшелерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр», — деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, діни салада да бірқатар қағидат конституциялық деңгейде бекітіледі. Атап айтқанда, мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында барлығының теңдігі, діннің мемлекеттен бөлінуі, сондай-ақ рухани оқу орындарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы болуы Конституция нормасына айналды.
Бұдан бөлек, жаңа Конституцияға сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылып, оның орнына «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты Президент «Қазақстан Халық Кеңесі» хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Сондай-ақ алғаш рет «этномәдени бірлестіктер» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалмақ.
Министрдің мәліметінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты қазір этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы да әзірленіп жатыр.