1 шілдеден, яғни бүгіннен бастап жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Бұл – Қазақстан тарихындағы үшінші Ата Заң.
Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Ата заңы 1993 жылы 28 қаңтарда, одан кейін 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді. Қазіргі жаңа Конституция 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданды. Ата Заң 11 бөлімнен 98 баптан тұрады.
Президент Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституция қабылдау идеясы 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін туған. Алғашында Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізу жоспарланғанымен, кейін бұл құжат түбегейлі жаңартылып, жаңа Конституция ретінде қабылданды. Жобаны әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылды.
Конституцияны әзірлеу мерзімі қоғамда пікірталас тудырды. Жаңа Конституцияны қабылдау процесі қысқа мерзімде өтті. Президент Тоқаев 20 қаңтарда Конституцияны жаңарту идеясын жарияласа, араға үш айға жетпейтін уақыт салып, 15 наурызда референдум қорытындысы бойынша қазақстандықтарды жаңа Ата Заңның қабылдануымен құттықтады.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Ата Заң күні 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылды. Сондай-ақ мектептерде Конституцияны оқыту күшейтіліп, 5–7 сыныптарға арналған «Конституция негіздері» және 8–9 сыныптарға арналған «Заң және тәртіп» элективті курстарын енгізу жоспарланды.
Басты өзгерістер
Жаңа Конституцияға сәйкес, Сенат таратылып, оның орнына бір палаталы «Құрылтай» құрылды. Ол 145 депутаттан тұрады және депутаттар бес жыл мерзімге партиялық тізім бойынша сайланады.
Сондай-ақ, Қазақстан Халық Кеңесі атты жоғары консультативтік орган енгізілді. Оның заңнамалық бастама көтеруге және республикалық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.
Конституцияның тағы бір маңызды жаңалығы – вице-президент институтының енгізілуі. Вице-президент Президент жүктеген міндеттерді орындайды.