homepage
Фото: FIFA

Ауыздан апат болып, алаңнан қуылды…

01.07.2026, 10:09

Әлем чемионатының плей-офф кезеңі жалғасып жатыр. Кеше кешке Норвегия құрамасы Кот-д-Ивуарды 2:1 есебімен жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі жеңісін тойлады. АҚШ-тың Даллас қаласында өткен бұл матч аса тартысты әрі драмаға толы болды.

Кездесудің алғашқы 30 минутында африкалық «пілдер» белсендірек көрініп, допқа көбірек иелік етті. Норвегия қорғанысы олардың шабуылына барынша төтеп беруге тырысса, керісінше Кот-д-Ивуар қорғаушылар алғашқы 15 минутта Эрлинг Холандты тұсап тастады. 39-минутта Норвегияның жас жұлдызы Антонио Нуса айып алаңының сол қанатында пас алып, Кот-д-Ивуар қорғаушысы Пепені алдап өтіп, оң аяғымен қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, шиыра теуіп, есеп ашты. 1:0.

Екінші таймда Кот-д-Ивуар сапында қосалқы құрамнан алаңға шыққан Амад Диалло матч барысын өзгертуге барын салды. Ең алдымен ол өз қақпасының сызығынан допты қайтарып, норвегиялық Торбьерн Хеггемнің есепті еселеуіне жол бермеді. Кейін, 74-минутта Пепемен тамаша комбинация ұйымдастырып, екі қорғаушыны алдап, сол аяғымен гол салып, есепті теңестірді. 1:1. 86-минутта яғни, матч аяқталуға бес минут қалғанда Норвегия жартылай қорғаушысы Патрик Берг қарсыластың үш қорғаушысын өзіне тартып, бос тұрған Эрлинг Холандқа пас шығарды. «Манчестер Сити» шабуылшысы жақын қашықтықтан допты қақпаға түрте салды. Сөйтіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Есеп 2:1.

Жалпы осы ойында Кот-д-Ивуардың тактикасы Холандты жауып тастауға бағытталды. Бұл мақсат ішінара орындалғанымен Норвегия сапында Нуса мен Берг сияқты басқа ойыншылар өз шеберліктерімен көзге түсті. Холанд болса, бүкіл матч бойы тасада жүріп, өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті голға айналдырды. Ал Кот-д-Ивуар бапкерінің Амад Диаллоны алаңға шығаруы шабуылды үдеткені рас. Ол тіпті матч соңында есепті теңестіретін тамаша айып соққысын орындады. Бірақ,Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд керемет сейв жасап, командасын голдан құтқарып қалды. Бұл жеңістің «ескек есушілер» елі үшін тарихи маңызы ерекше. Олар соңғы рет 1998 жылғы әлем чемпионатында плей-оффқа шыққан. Енді Норвегия 1/8 финалда бес дүркін әлем чемпионы Бразилиямен кездеседі. 

Түндегі кезекті ойында Франция құрамасы Швецияны 3:0 есебімен тас-талқан етіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды. Нью-Джерси стадионында өткен бұл 1/32 финалдық кездесу толығымен франциялықтардың басымдығымен өтті.

Матчтың басты қаһарманы дубль жасап, әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңінде гол соғудан жаңа рекорд орнатқан Килиан Мбаппе болды. Ойын басталғаннан-ақ, Дидье Дешам шәкірттері шабуылға лап қойды. Алдымен Килиан Мбаппенің бір голы офсайд болып, есептелмеді. Кейін Мбаппе мен жартылай қорғаушы Майкл Олисенің жойқын соққылары Швеция қақпасының бағанасынан кері қайтты. Швеция қақпашысы Якоб Зеттерстрем де бірнеше рет супер-сейв жасады. Бірінші тайм аяқталар тұста франциялықтар бұрыштама добын қысқа ойнатты. Олиседен пас алған Килиан Мбаппе швед қорғаушыларын алдап өтіп, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Есеп 1:0.

Екінші таймда да Франция қарқынын бәсеңдетпеді. 53-минутта Майкл Олисе тағы да тамаша пас шығарып, жас шабуылшы Брэдли Барколаны қақпашымен жекпе-жек қалдырды. Баркола мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті 2:0-ге жеткізді. Ойынның нүктесін 74-минутта Мбаппе қойды. Олисе осы матчта өзінің үшінші ассистін (нәтижелі пасын) жасап, Килиан Мбаппе есепті еселеді. 3:0. Қазіргі таңда Майкл Олисе мен Килиан Мбаппе әлемдегі ең үздік жұптардың бірі. Олисе осы турнирде 5-ші ассистін жасап, үздік ассистенттер тізімін бастап келеді. Ал осы ойында соққан екі голының арқасында Мбаппе әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңдерінде 10 гол соққан алғашқы ойыншы атанып, тарихқа енді. Сондай-ақ, ол биылғы турнирдегі 6-шы голын соғып, «Алтын бутсы» жарысында Лионель Мессимен теңесті. Грэм Поттер баптаған Швеция құрамасындағы премьер-лига жұлдыздары Александр Исак пен Виктор Дьекерешке үміт артқанымен, олар француз қорғаушылары Уильям Салиба мен Дайо Упамеканоның қыспағынан шыға алмады. Тек 90-минутта ғана Дьекереш Франция қақпашысы Майк Меньянды алғаш рет қимылдауға мәжбүрлеген. Бірақ,онысынан ештеңе өнбеді. Енді Франция құрамасы 1/8 финалда Германияны сенсациямен пенальти сериясыда жеңген Парагваймен кездеседі.

Бүгін таңертең болған тағы бір кездесуде алаң иелері Мексика құрамасы Эквадорды 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, соңғы 40 жылда алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Турнир қожайындары Мексика Мехико қаласындағы «Ацтека» стадионында 80 мың жанкүйердің алдында нағыз футбол шоуын көрсетті. Әрі, осы жеңісінен кейін Мексика құрамасы 1990 жылғы Италиядан кейін әлем чемпионатының алғашқы 4 матчындақатарынан өз қақпасына бірде-бір гол жібермей жеңген тарихтағы тұңғыш команда атанды.

Ал ойынға келер болсақ, Мехико аспанында найзағай жарқылдап, нөсер жауғандықтан матч бір сағат кешігіп басталды. Бірақ, бұл жағдай «Эл Три» ойыншыларының жігерін жасыта алмады.Матчты Мексика белсенді бастағанымен, 17-минутта Эквадор сапынан Йебоа қорғаушы Монтесті алдап өтіп, жойқын соққы жасаған. Доп Мексика қақпасының бағанына тиіп кері қайтты. Бұл осы ойында қонақтар тудырған ең қауіпті сәт еді. Арада бес минут өткенде Мексика жылдам қарсы шабуылға шықты. Альварадодан мінсіз пас алған Хулиан Киньонес допты тоқтатпастан қақпаның тоғыздығына тулатты. Есеп 1:0. Әдеттегідей ойын ортасында су ішіп, аяқ суытып алған соң Мексика шабуылды үдетті. Эквадор қорғаушылары өз айып алаңында допты шығара алмай қателік жасаған. Осы сәтті тиімді пайдаланған Киньонес Рауль Хименеске пас шығарды. Ал ардагер шабуылшы қақпашының қасынанөткен допты бос қақпаға сырғыта салды. Есеп 2:0.

Екінші таймда Эквадор бапкері Себастьян Беккасесе бірнеше ойыншыны ауыстырып, допқа иелік ету көрсеткішін 70%-ға дейін жеткізген. Алайда, Мексиканың қорғанысы сыр бермеді. 75-минутта эквадорлық Кевин Родригес қақпашыдан айласын асырып допты бағыттағанымен, ол қисық кетті.

Матчтың соңғы минуттары өте дөрекі әрі эмоциоға толы болды. Қорғаушы Пьеро Инкапье мен мексикалық Сантьяго Хименес арасындағы текетірестен кейін эквадорлық ойыншы ауызын қолымен көлегейлеп сөйлеп, дөрекілік көрсеткені үшін қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Бұл жаңа ереже бойынша биылғы чемпионатта дәл осындай қылығымен қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған екінші жағдай. Ал екінші таймда есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша Хавьер Агирре баптаған Мексика құрамасы өз үйіндегі әлемдік додада нағыз фавориттердің бірі екенін дәлелдеді. Олар 1986 жылдан бері әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде жеңіске жете алмай келген үзілісті үзді. Енді 1/8 финалда Мексика құрамасы Мехикода Англия немесе Конго ДР жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Бекәлі Жәдік