Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, жылжымайтын және жылжымалы мүлікті сату кезінде салық есептеу тәртібі өзгерді. Енді жеке тұлғалар салықты мүліктің толық құнынан емес, оны сатудан тапқан нақты табысынан ғана төлейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, салық сатып алу және сату бағасының айырмасынан есептеледі. Мысалы, азамат пәтерді 20 млн теңгеге сатып алып, кейін оны 25 млн теңгеге сатса, салық тек 5 млн теңге көлеміндегі пайдадан есептеледі.
Жылжымайтын мүлікке қатысты қандай өзгеріс бар?
2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатып алынған пәтер, үй, саяжай, гараж немесе автотұрақты сатқан кезде салықтан босатылу үшін оны кемінде екі жыл иелену қажет.
Ал егер мүлік 2026 жылға дейін сатып алынған болса, бұрынғы тәртіп сақталады. Яғни, меншік иесі оны бір жылдан астам уақыт иеленсе, салық төлемейді.
Салық мөлшері қалай есептеледі?
Негізгі жеке табыс салығының мөлшерлемесі – 10 пайыз.
Егер сатудан түскен пайда 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 36,7 млн теңге) асса, осы шектен жоғары бөлігіне 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
Мысалы, азамат пәтерді 30 млн теңгеге сатып алып, 35 млн теңгеге сатса, 5 млн теңге пайда тапқан болып есептеледі. Бұл жағдайда төленетін салық – 500 мың теңге.
Көлік сатқандар нені білуі керек?
Автокөлік пен басқа да жылжымалы мүлікке басқа тәртіп қолданылады.
Егер көлік сатып алынған күннен бастап бір жыл өтпей сатылса, сату мен сатып алу бағасының айырмасынан 10 пайыз салық төленеді.
Ал көлік иесінің меншігінде бір жылдан астам болған жағдайда, жеке табыс салығы салынбайды.
Декларация тапсыру міндетті
Мүлік сатқан азаматтар 270.00 нысанындағы декларацияны мәміле жасалған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы тиіс.
Мысалы, мүлік 2026 жылы сатылса, декларацияны 2027 жылдың 15 қыркүйегіне дейін өткізу қажет.
Шетел азаматтарына бөлек талап
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Қазақстанда мүлік сататын шетел азаматтары иелік ету мерзіміне қарамастан 15 пайыз көлемінде салық төлейді.
Ведомство азаматтарға мүлікті сатпас бұрын салықтық салдарды алдын ала есептеп, қажет болған жағдайда мамандардан кеңес алуға кеңес береді.