homepage
Getty Images

Әлем чемпионатындағы рекорд: көрермен саны 4,6 млн-нан асты

30.06.2026, 17:18

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты плей-офф кезеңі басталмай жатып-ақ бірнеше тарихи рекордты жаңартты. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ФИФА дерегінше, АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан турнирдің топтық кезеңіндегі матчтарды 4 миллион 644 мың 549 көрермен тамашалаған. Осылайша, әлем чемпионаты көрермен саны бойынша 1994 жылы АҚШ-та өткен мундиальдың рекордын жаңартты. Ол кезде ойындарды шамамен 3,6 миллион адам стадионнан көрген болатын.

Дегенмен сарапшылар бұл нәтижені күтпеген жаңалық деп есептемейді. Себебі биылғы әлем чемпионатында алғаш рет 104 матч өткізіліп жатыр. Бұл – соңғы жеті әлем біріншілігімен салыстырғанда 40 ойынға көп көрсеткіш.

Соған қарамастан, орташа көрермен саны бойынша 1994 жылғы рекорд әлі жаңарған жоқ. Қазіргі көрсеткіш бойынша әр матчқа орта есеппен 64 508 жанкүйер келген.

Турнирде гол саны бойынша да жаңа жетістік тіркелді. Топтық кезеңде командалар 215 гол соғып, бір матчқа шаққандағы орташа көрсеткіш шамамен үш голды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Қатарда өткен бүкіл әлем чемпионатында барлығы 172 гол соғылған еді. Алайда ол турнирде небәрі 64 матч өткен.

ФИФА мәліметінше, топтық кезеңде алаңға 999 футболшы шыққан. Ал турнирдегі 1000-шы ойыншы атанған Канада құрамасының және Германияның «Бавария» клубының қорғаушысы Альфонсо Дэвис бұл көрсеткішке плей-оффтың алғашқы матчында жетті.

Әлем чемпионаты тек спорттық көрсеткіштерімен ғана емес, жанкүйерлердің белсенділігімен де ерекшеленді. Турнир барысында әлемнің елуге жуық елінен келген жанкүйерлер стадиондарда 2,8 млн-нан астам сыра, 1 млн-ға жуық бөтелке су және 300 мыңға жуық хот-дог сатып алған.