homepage
kalashnikov.club

Назарбаев университеті пәтерінен табылған қару: депутат шетелдіктерді жауапқа тартуды талап етті

30.06.2026, 15:50

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде табылған қаруға қатысты дау әлі де жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құқық қорғау органдарын бұл істі соңына дейін жеткізіп, барлық мән-жайды ашық жариялауға шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Депутаттың айтуынша, Ішкі істер министрлігі қаруды «антикварлық» деп атағанымен, бұл оның қауіптілігін жоққа шығармайды.

«Адам өміріне қауіп төндіретін, атылатын кез келген қару – қару. Қазақстан заңнамасында "антикварлық қару" деген ұғым жоқ. Коллекциялық қарудың өзі лицензияланып, белгіленген талаптарға сай сақталуы тиіс», – деді Мұрат Әбенов Парламент кулуарында.

Оның айтуынша, қаруды Қазақстанға шетел азаматтары алып келген және олар оны өздері тұрмайтын пәтерге, яғни Nazarbayev University-ге тиесілі пәтерге кіргізген. Депутат мұндай жағдайға құқықтық тұрғыдан нақты баға берілуі қажет деп есептейді.

Әбеновтің пікірінше, Қазақстанда кез келген атыс қаруын көшеде алып жүруге болмайды, ал үйде тек арнайы сейфте және тиісті рұқсатпен ғана сақтауға рұқсат етіледі. Сондықтан шетелден әкелінген қарудың елге қалай енгізілгені, оның тіркелген-тіркелмегені және қай жерде сақталуы тиіс болғаны жан-жақты тексерілуі керек.

Мәжіліс депутаты құқық қорғау органдары тұрғындарға оқиғаның барлық мән-жайын ашық түсіндіруі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қарудың нақты қандай түрі болғаны, иесінің кім екені және оны сақтау заң талаптарына сәйкес келді ме деген сұрақтарға жауап берілуі тиіс.

Сонымен қатар ол заң бұзушылық анықталған жағдайда кінәлілер жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды.

«Егер бұл жағдайға принципті баға берілмесе, ертең кез келген адам шетелден қару әкеліп, көшеде алып жүруге болады деген қауіпті түсінік қалыптасады», – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Highvill тұрғын үй кешеніндегі Nazarbayev University-ге тиесілі пәтерге қару салынған жәшік жеткізілгені туралы ақпарат тараған болатын. Кейін Ішкі істер министрлігі екі шетелдіктің ұсталғаны жөніндегі мәліметті жоққа шығарғанымен, тұрғын үйге қару әкелінгенін растады.

Ведомство мәліметінше, сараптама нәтижесінде олардың тарихи-мәдени құндылығы бар антикварлық қару екені анықталған. Қазір осы дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр.