Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов әлеуметтік желіде қызу талқыланған ұлы Ибрагим Шоқановтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та жүздеген мың оқырманы бар 16 жастағы блогер Ибрагим Шоқанов интернет-шоулардың бірінде «Бізде Қазақстан тарихы жоқ. Біз ағылшын мектебінде оқимыз» деп айтқан болатын. Бұл сөз қоғамда үлкен сынға ұшырады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Нұрсұлтан Шоқанов ұлының пікірі шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
– Ол мұны айтқанда өзіміз де таңғалдық. Ұлыммен сөйлестік. Ол өз пікірінің дұрыс болмағанын түсінді. Бұл мәселені осымен жабамыз, – деді партия төрағасы.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихы мектеп бағдарламасында бар және барлық білім беру ұйымында оқытылады. Ал ұлының даулы сөзі әлеуметтік желіде көп қаралым мен лайк жинауға ұмтылудан туған.
Шоқановтың айтуынша, Ибрагим қазір Қазақстан тарихын оқып жүр және көпшілік алдында кешірім сұрамақ.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Шоқанов өзіне қатысты тараған қауесетке де тоқталды. Ол өзінің де, отбасының да тұңғыш Президенттің қызы Дариға Назарбаевамен немесе Назарбаевтар әулетімен ешқандай туыстық байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Шоқанов 27 маусымда Қазақстан халық партиясының кезектен тыс съезінде партия төрағасы болып сайланған болатын.