Бүгін Қазақстанның қос палаталы Парламенті өз жұмысын аяқтады. Ертеңнен бастап елде жаңа конституциялық модель күшіне еніп, қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. Бүгін Палаталардың соңғы, бірлескен отырысы өтті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға берді.
«30 жыл ішінде өте маңызды 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Бұл ретте әрбір оныншы заңға депутаттардың өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің бастауында бүкіл халық пен халықаралық қоғамдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері тұрды», – деді Тоқаев.
Ол депутаттарға осы уақытқа дейін істеген жұмысы үшін алғыс айтып, Құрылтайға тек үздіктер ғана кіретінін ескертті.
«Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін. Құрылтай жаңа тұрпатты Қазақстанның символы болмақ. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды», – деді ол.
Сондай-ақ, ол Amanat партиясының «Әділет» партиясына қосылуын атап өтіп, отыз жылға жуық тарихы бар партия мүшелеріне де алғысын білдірді.