Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев заңсыз декретке шығу жолын үйреткенін жоққа шығарды. Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдындағы кулуарда айтты.
Журналистер депутаттан “декретке миллионмен шығуға көмектескеніңіз үшін сізді тексермей ме?” деп сұрады.
Мұқаев ешқашан ақылы делдалдық қызмет көрсетпегенін айтты.
“Мен "помогайка" болған жоқпын. Ешкімге ақылы қызмет ұсынып, делдалдық жасаған емеспін. Мен тек халыққа бағыт-бағдар бердім. Бағдарлама аясында eGov порталындағы ресми ақпаратты қарапайым тілмен түсіндірдім. Бұл мұғалімнің оқушыға формуланы түсіндіргенімен бірдей. Сабақтарымның бәрінде "егер жалған жеке кәсіпкерлік ашып, заңсыз әрекетке барсаңыз, заң алдында жауап бересіз" деп үнемі ескертіп отырдым. Мұндай қадамға бармауға шақырдым. Ал сабаққа қатыспағандар мені заңсыздыққа үндегендей көрсеткісі келеді”, – деді ол.
Айта кетейік, қоғамда “декретке миллионмен шығу” атауымен танылған курстарды Дәулет Мұқаев депутат болғанға дейін жүргізген.
Кейін мемлекеттік органдар декреттік төлемдерді заңсыз көбейту фактілерін анықтады. Ресми мәлімет бойынша, 17 мыңнан астам әйел бірнеше жерде жұмыс істейтін болып тіркеліп, жүктілік және босану төлемдері ретінде жалпы көлемі 28,6 млрд теңге алған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы декреттік төлемдерді заңсыз рәсімдеуге қатысты 113 адамға байланысты 16 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке келтірілген шығын 158 млн теңгеге жеткен. Ал, ведомство вице-министрі Виктория Шегай 2025 жылы жалған табыс көрсетіп әлеуметтік төлем алғандарға қатысты еліміздің 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.
Осыған байланысты 2025 жылы жүктілікке, босануға және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібіне өзгерістер енгізілген болатын.