homepage
Depositphotos.com

Сарыағашта әлеуметтік мекемелерден 13,3 млн теңге жымқырылған

30.06.2026, 11:54

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында бюджет қаражатын заңсыз жұмсау дерегі анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Аудан прокуратурасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қаржысына талдау жүргізген.

Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджеттен ақша аударылғаны белгілі болды.

Прокуратура мәліметінше, мекеменің кейбір лауазымды тұлғасы жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтерді қабылдау туралы актілерге қол қойған. Соның негізінде бюджет қаражаты заңсыз төленген.

Прокуратураның бастамасымен жүргізілген сот-бухгалтерлік сараптама мемлекетке келтірілген шығын көлемі 13,3 миллион теңге екенін көрсетті.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.