Дәл осы сағаттарда сол жағалауда еліміздің саяси-тарихы үшін тағы бір маңызды оқиға өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Палаталардың бірлескен отырысы өтіп, кезекті сессия ресми түрде жабылмақ. Осылайша қос палаталы Парламент бір дәуірді қорытындылап, өзінің отыз жылдық тарихи миссиясын аяқтайды. Кеше Сенаттың соңғы отырысы өткен, сенатор Дархан Қыдырәлі өз жұмысының нәтижесімен бөлісіп, Facebook парақшасында жазба қалдырды
“Осы шақырылымда Парламент тарапынан барлығы 3 503 заң қабылданыпты. VIII шақырылым барысында 343 заң қаралған екен, оның 127-і осы сессия барысында талқыланып, қабылданды. Заң шығару ісіне біз де атсалысуға тырыстық. Соның ішінде Мәжілістегі әріптесім Асхат Аймағамбетовпен бірге бастамашы болған “Тарихи-мәдени мұраны сақтау” туралы заң рухани ескерткіштерді қорғау және ұлттық археология саласына соны серпін береді деп сенемін”, – дейді депутат.
Ол өзі мүшесі болған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің атқарған жұмысын да қорытындылады. Комитет осы аралықта заңдар бойынша 138 отырыс өткізген, оған қоса азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша парламенттік тыңдау, көктемгі су тасқыны мәселелері бойынша үкімет сағаты, 25 көшпелі іс-шара, 10 дөңгелек үстел және түрлі деңгейде 18 кездесу ұйымдастырылған.
“Үкіметке депутаттық сауалдар жолдап, архив және кітапхана мәселесі, жұмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың шетелге заңсыз сатылуына тосқауыл қою, вандализммен күрес, Алтын Орданың 800 жылдығын лайықты атап өту, тарихи-рухани мұраны сақтау, ауыл мәдениетін дамыту, көші-қон саласын реттеу, бұқаралық спортты дамыту және футболдағы жемқорлық, әскердегі әлімжеттік, музыкалық асбап шеберлерін қолдау, жастар саясаты және тағы басқа да өзекті тақырыптарды көтердім. Олар бойынша тиісті мемлекеттік органдар нақты шешімдер қабылдады. Парламенттік ынтымақтастық аясында да белсенді жұмыс атқарылды. Сенат Төрағасының қолдауымен қазақ-қырғыз және қазақ-өзбек зиялыларының форумдары өткізілді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен Хатшылығы отырыстарының жұмысына қатысып, ТүркПА аясындағы іс-шараларға атсалыстық. Жалпы, бұл шақырылым мен үшін жақсы тәжірибе болды”, – деп жазды сенатор.