homepage
фото: ALEXANDER HASSENSTEIN

Ұшты, ұшты, Германия ұшты...

30.06.2026, 11:09

Футболдан өтіп жатқан әлем біріншілігінің плей-офф кезеңіндегі нағыз сұрапыл кездесулер легі басталды. Мәселен, кеше кешкісін әлем чемпионатының 1/16 финалында Бразилия құрамасы Жапонияны 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Хьюстондағы «Houston Stadium» аренасында өткен бұл кездесу бастан-аяқ драма. Жеңіс голы матчтың соңғы секундтарында соғылды. Жапондардың жартылай қорғаушысы Каишу Сано Данилоның қате пасын тартып алып, Каземиродан сытылып шықты да, айып алаңының сыртынан Алиссон Беккер қорғаған қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді. Есеп 1:0.

Ал 56-минутта Габриэль Магальяэс асырған допқа бірінші жеткен ардагер капитан Каземиро баспен шірене соққы жасап, есепті теңестірді. 90+6-минутта Бразилия жеңісті жұлып әкетті. Матчтың соңғы қосымша минутында Бруну Гимараэстің керемет пасынан кейін алаңға тыңнан қосылған Габриэль Мартинелли қақпашы Зион Сузукидің жанынан допты өткізе салды. Бірінші таймда Карло Анчелотти баптаған Бразилия құрамасы допқа көбірек иелік еткенімен (66%), шабуылды ортадан ұйымдастыруға тырысқан. Оларынан түк шықпады. Жапонияның тығыз қорғанысын бұза алмады. Жапондар өз кезегінде қорғаныстан керісінше жылдам қарсы шабуылға шығу тактикасын тамаша орындап, бірінші таймды өз пайдасына шешкен.

Екінші таймда Анчелотти тактиканы өзгертті. Ол Лукас Пакетаның орнына жас шабуылшы Эндрикті шығарып, шабуыл кезінде 4-2-4 жүйесіне көшті. Бразилиялықтар допты айып алаңына әуелете асыру арқылы Жапония қорғаушыларын тықсырды. Бұл қысым өз жемісін берді. Ойын соңына қарай жапондар өз айып алаңына тым терең жатып алды. Сөйтіп, қарсыласқа еркіндік беріп қойғаны үшін жазаланды. Бұл Бразилия үшін тарихи камбэк. Өйткені, Бразилия құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде соңғы рет 1938 жылы ғана бірінші таймда жеңіліп тұрып, ойынды жеңіспен аяқтаған екен. Ал 34 жастағы Каземиро әлем чемпионаттарында Бразилия сапында гол соққан ең егде екінші ойыншы атанды (көш басында 1998 жылы гол салған Бебето тұр). Жапония құрамасы осымен бесінші рет әлем чемпионатының алғашқы плей-офф кезеңінен аса алмай, тағы да драмалық жағдайда турнирмен қоштасты. 2018 жылы Бельгиядан, бұл жолы Бразилиядан соңғы минутта гол жіберіп алып ұтылды. Бразилия енді 5 шілде күні Нью-Йорк стадионында ширек финал жолдамасы үшін Кот-д'Ивуар мен Норвегия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ал келесі кездесуде Парагвай құрамасы неміс машинасын пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіп, турнирдің ең басты сенсациясын жасады. Фоксборо қаласында өткен бұл драмалық кездесуде Германия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатында пенальтиден ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.  Ойынға келетін болсақ, 42-минутта Парагвай есеп ашты. Матиас Галарзаның оң қанаттан асырған тамаша пасын айып алаңында ешкімнің қарауынсыз қалған Хулио Энсисо баспен дәл соғып, Мануэль Нойер қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бұл Парагвайдың әлем чемпионатының плей-офф тарихында салған тұңғыш голы болды. 54-минутта Германия таразы басын теңестірді. Флориан Виртцтің сол қанаттан әуелетіп берген пасын Кай Хавертц баспен қақпаның алыс бұрышына бағыттап, есепті теңестірді. Осылайша ойын негізгі уақытта 1:1 есебімен тең аяқталды. Қосымша уақытта Джонатан Та баспен гол соққан еді. Бірақ VAR жүйесі неміс қорғаушысы Вальдемар Антонның парагвайлық қақпашы Орландо Гильге қарсы ереже бұзғанын анықтап, голды санамай тастады. Сөйтіп ойын соңы лотереяға ұласып, Парагвай қақпашысы Орландо Гиль мен қорғаушы Хосе Канале матч қаһармандары атанды. Пенальти сериясы:
Германия: Кай Хавертц (Қақпашы қайтарды) 
Парагвай: Маурисио (Гол )
Германия: Джошуа Киммих (Гол )
Парагвай: Густаво Гомес (Гол )
Германия: Джамал Мусиала (Гол ) 
Парагвай: Матиас Галарза (Гол )
Германия: Ник Вольтемаде (Қақпашы қайтарды) 
Парагвай: Антонио Санабрия (Мүлт кетті)
Германия: Надим Амири (Гол ) 
Парагвай: Фабиан Бальбуэна (Қақпашы қайтарды)
Германия: Джонатан Та (Қақпаға тимеді) 
Парагвай: Хосе Канале (Жеңіс голы )

Густаво Альфаро баптаған Парагвай құрамасы кездесу бойы допқа аз иелік еткенімен (тек 25%), қорғаныста өте жинақы ойнады. Олар Германияның доппен баяу әрі жүйесіз қимылдағанын сәтті пайдаланып, орталық шепте допты тартып алып, Энсисо мен Альмирон арқылы қарсы шабуылдап отырды. Юлиан Нагельсманның Германиясы допты толық бақылауда ұстағанымен, Парагвайдың тығыз әрі физикалық тұрғыдан мықты қорғанысын бұзатын креативті идеялар жетіспеді. Немістер екінші таймда қысымды арттырып, қақпаға қауіп төндіргенімен, Парагвай қақпашысы Орландо Гиль бірнеше рет әдемі  сейв жасап, командасын құтқарды. Ал Германия құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы пенальти сериясында тұңғыш жеңілді. Бұған дейін олар 4 рет пенальти сериясына қатысып, бәрінде жеңіске жеткен. Осылайша ФИФА рейтингінде 10-орында тұрған Германия 41-орындағы Парагвайдан жеңіліп, плей-офф кезеңдегі ең үлкен күтпеген нәтиже тіркелді. Парагвай құрамасы енді 4 шілде күні Филадельфияда өтетін ширек финалда Франция немесе Швеция жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ал бұдан кейін өткен бүгінгі күннің соңғы кездесуінде Нидерланды мен Марокко жан шықпаса да, қан шыққанға дейін айқасты. Ойынның 120-шы минутында нидерланддықтың басы, марокколықтың қабағы жарылып, ойыншы қызыл ала болған ақ көйлегін ауыстыруға мәжбүр болды. Иә, бұл матч та белгіленген 90 минутта жеңімпазды анықтай алмай, қарсыластар қосымша тағы 30 минут тіресті, ол да нәтижесіз аяқталып, ақыры ойын тағдырын пенальти сериясына әкеп тіреді. Матч барысында Нидерланды әне-міне келесі кезеңге өтетіндей көрініп тұрған. Ойынның 72-ші минутында Коди Гакпо есеп ашып, қызғылт жейделілер алға шықты. Осы есеп 90-шы минутқа дейін сақталып тұрды. Бірақ, нидерландықтар үшін жеңістің дәмді иісі шыға бастаған тұста Исса Диоп есепті теңестіріп кетті. Гол! 90+1 минутта. Сөйтіп ойын қосымша уақытқа ойысты. Бірақ 30 минут бойы кісі қызығарлықтай ойын болмады, екі тарап та аса сақтықпен қимылдап, бірінші кезекте гол жіберіп алмаудың қамын жасады. Жарты сағат бойын екі жақты қоса есептегенде қақпаға бір ғана соққы жасалып, бір ғана бұрыштама орындалды. Қос команда пенальтиге келісті. Бұл бір нағыз триллер болды, жүрегінің дімкәсі бар жанкүйерлердің жағдайын басқа бермесін де. Пенальти сериясы басталар алдында Марокконың бас бапкері Мохамед Уаби бастап, бүкіл ойыншылар қостап, алаңда айнала тұрып, алақан жайып, жаратқанға жалбарынып дұға тілеп, әумин деп барып іске кірісті. Бірінші болып Нидерланды бастады, Копмейнерс қателеспеді. Келесі болып нүктеге келген марокколық Ел Айнауи маңдайшаға тепті. Есеп 1-0. Клюйверттің добы қақпаға дарымақ тұрмақ, айдалаға қисық кетті.

Ал Рахимидікі тіпті қызық болды. Марокко ойыншысының тепкен добын нидерланд қақпашысы Вербрюген қайтаруын қайтарды, бірақ доп қақпашының жамбасының астынан сусып шығып, оның аяғына тиіп барып торға домалай кетті. Өзінше бір автогол дерсің. 1-1. Бұдан кейін тәжірибелі Вегхорст әдемі гол салып қызғалдақтар елін тағы да алға шығарды. Африкалық Тальби де қателеспеді, есеп 2-2. Нидерландық Тимбер тепкен доп қақпаның сол жақ бағанасынан кері қайтты. Мароккоға алға шығатын сәт келді. Бірақ әншейінде 10 пенальтидің онын да ойланбастан соғатын, капитан Ашраф Хакими білгенінен жаңылды, оның тепкен добы да дәл сол жақтағы бағанаға барып тиді. Айта кетерлігі, ойын барысында Хакими қақпаның маңдайшасын дір еткізген еді. Бүгін Марокко құрамасының сапында өзінің 100-ші ойынын өткізген Хакмимге гол соғу ақыры бұйырмады. Бірақ артынша Нидерланд ойыншысы Саммервилдің добын қақпашы Боно қайтарды. Матч тағдыры ең соңғы болып нүктеге келген Сайбаридің қолында. Міне, дәл осы жерде Мохамед Уаби мен оның ойыншыларының алладан тілеген дұғасы қабыл болды. Сайбари қателеспеді. ГОЛ! Марокко жеңді!. Африкалықтар енді 8/1 финалда турнир қожайындарының бірі Канадамен кездеседі. 

Бекәлі Жәдік