homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникалар жаппай тексеріледі

30.06.2026, 10:51

Қазақстанда пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатындағы тексерулер Бас прокуратурамен келісілген. Егер тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2021 жылдан бері пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның басым бөлігі 2024 жылы ұйымдастырылған. Бұған азаматтардың медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдарының көбеюі себеп болған.

Тексеру нәтижесінде бірқатар медициналық ұйымда лицензиялық талаптардың сақталмағаны, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттары мен медициналық құжаттарды рәсімдеу қағидаларының бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ кейбір клиникалардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болған.

Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін клиникаларға міндетті нұсқамалар берілді. Бұдан бөлек, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 миллион теңге айыппұл салынған.

Министрлік сондай-ақ пластикалық операциядан кейін адам өліміне әкелген жекелеген оқиғаларға байланысты да жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін мәлімдеді. Мұндай жағдайлар көбіне Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелген. Тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.