Павлодарда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 29 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mitsubishi Carisma автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Осы сәтте ол үш жаяу жүргіншіні қағып, кейін жарық бағаны мен автобус аялдамасына соғылған. Соққы салдарынан көлік аударылып қалған.
Оқиға орнында екі жаяу жүргінші көз жұмды. Тағы бір зардап шеккен адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жол апатының нақты себептері мен мән-жайын сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында анықтап жатыр.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауға және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауға шақырды.