Қазақстанның атақты шахматшысы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекеттік награданы спортшыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Марапаттау рәсімінде Аида Балаева Бибісара Асаубаеваның қазақстандық шахматтың дамуына, зияткерлік спортты жастар арасында кеңінен насихаттауға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
22 жастағы шахматшы бүгінде әлемдегі ең мықты блиц ойыншыларының бірі саналады. Ол үш рет әлем чемпионы атанып қана қоймай, блицтен әлем чемпионы болған ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жуырда ғана Норвегияда өткен беделді Norway Chess турнирінде де жеңімпаз атанды.
Марапатты алғаннан кейін Бибісара әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышын бөлісті.
«Көптен күткен ІІ дәрежелі "Барыс" орденін алдым. Менде ІІІ дәрежелі орден де бар. Енді І дәрежелі орденді алсам, "Барыс" орденінің толық кавалері атанамын», – деді шахматшы.
Айта кетейік, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Бибісара Асаубаеваға Президенттің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанғаны үшін берілген болатын. Ал ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен ол 2024 жылы Республика күні қарсаңында марапатталған.
Еске салсақ, бұған дейін Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде мемлекеттік марапаттың өзіне әлі тапсырылмағанын, сондай-ақ жалақысының қысқаруына байланысты мәселелерді көтеріп, үндеу жариялаған еді.