Павлодарда дүкеннен ұрлық жасап, кейін полицияның қызметтік көлігін айдап кеткен ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мас күйде болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті алдымен дүкеннен ұрлық жасаған. Артынша қызметтік автокөлікті айдап кетіп, Назарбаев даңғылы мен Камзин көшесінің қиылысында жол-көлік оқиғасына ұшыраған.
Жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда полиция көлігінің соңынан бірнеше патрульдік экипаждың қуғаны көрінеді.
Оқиға ұрланған көліктің жеңіл автокөлікпен соқтығысып, аударылып қалуымен аяқталған. Осыған байланысты жолдың бір бөлігі уақытша жабылған.
Полиция аталған фактілер бойынша дүкеннен ұрлық жасау және қызметтік автокөлікті заңсыз иелену баптарымен қылмыстық істер тіркелгенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сонымен қатар қызметтік автокөліктің қалайша бөгде адамның қолына түскенін анықтау үшін полицияда қызметтік тексеріс басталды.
Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталатын болады.