Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысы бар дропперлерге қарсы күрес күшейтілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, биылғы бес айдың өзінде дропперлердің көмегімен алаяқтар азаматтардан жымқырылған шамамен 400 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған.
Ведомствоның түсіндіруінше, дропперлер – өз банк картасы мен шотын немесе оларды пайдалану мүмкіндігін үшінші тұлғаларға беріп, заңсыз жолмен алынған ақшаны аударуға және жасыруға көмектесетін адамдар.
700-ден астам қылмыстық іс тіркелген
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы уақыттан бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген.
Бүгінде 216 адам жауапкершілікке тартылып, олардың 202-сі сот үкімімен кінәлі деп танылған.
Аталған бапқа сәйкес, банк шотын заңсыз пайдалануға бергені немесе өзгенің мүддесіне ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Колледж студенттері де жауапқа тартылды
Бас прокуратура дропперліктің нақты мысалын да келтірді.
Батыс Қазақстан облысында жеті колледж студенті банк шоттарын ашып, оған қолжетімділікті интернет-алаяқтарға берген. Сол шоттар арқылы, оның ішінде зейнеткерлерден жымқырылған 4 миллион теңгеден астам қаражат өткізілген.
Сот олардың әрқайсысын үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Енді олар пробация бақылауында болып, мәжбүрлі еңбекке тартылады. Егер сот белгілеген талаптарды бұзса, жаза бас бостандығынан айырумен алмастырылуы мүмкін.
Банк картасын бөгде адамға бермеңіз
Прокуратура қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, дропперлердің банк шоттары бұғатталып, оларға басқа да қаржылық шектеулер қолданылатынын ескертті.
Сондай-ақ ведомство лицензиясы жоқ криптобиржалар арқылы цифрлық активтермен сауда жасау да үлкен тәуекел тудыратынын атап өтті. Өйткені мұндай платформалар қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Егер бұрын өз банк картаңызды немесе шотыңызды басқа адамдардың пайдалануына берген болсаңыз, құқық қорғау органдары банкке жүгініп немесе мобильді қосымша арқылы картаны дереу бұғаттауға кеңес береді.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске сәйкес, егер адам өз еркімен құқық қорғау органдарына жүгініп, қылмысты ашуға белсенді көмектессе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.