homepage
Shutterstock

Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстанға әсер ете ме - министрлік жауабы

29.06.2026, 14:21

Ресейдегі жанар-жағармай нарығындағы тапшылыққа байланысты Қазақстанда да отын жетіспеуі мүмкін деген алаңдаушылыққа Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді. Ведомство еліміздегі аграршылар егіс және орақ науқанына қажетті дизель отынымен толық қамтамасыз етіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін мемлекет жыл сайын фермерлерге кепілдендірілген көлемде жеңілдетілген дизель отынын бөледі.

Шаруаларға 800 мың тоннаға жуық дизель қарастырылған

Биыл көктемгі егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 402 мың тонна дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар жыл сайын егін жинау науқанына шамамен тағы 400 мың тонна жанармай қарастырылады.

Вице-министрдің айтуынша, көктемгі жұмыстар кезінде пайдаланылмаған дизель отынын шаруалар кейін егістікті күтіп-баптауға, химиялық өңдеу жүргізуге және басқа да агротехникалық жұмыстарға пайдалана алады.

«Өңірлер мен фермерлердің өтінімдері бойынша жалпы қажетті көлем шамамен 800 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем астық пен майлы дақылдарды кептіруге жұмсалатын жанар-жағармайды есептемегендегі көрсеткіш. Оның жеткізілуі белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр», – деді Азат Сұлтанов.

Жанармай тапшылығы болмай ма?

Министрлік мәліметінше, әр өңір нақты бір мұнай өңдеу зауытына бекітілген. Осы уақытқа дейін зауыттар жеткізу кестесін бұзған жағдай тіркелмеген.

Сондықтан ведомство егіс пен орақ жұмыстарының уақытында жүргізілмей қалу қаупі жоқ деп отыр.

«Көп жылдан бері осы тетікпен жұмыс істеп келеміз. Геосаяси жағдайларға қарамастан, ауыл шаруашылығы саласы қажетті отынмен әрдайым қамтамасыз етіліп келеді», – деді вице-министр.

Журналистер Ресейдегі жанармай тапшылығы азық-түлік бағасына әсер етуі мүмкін бе деген сауал да қойды.

Азат Сұлтановтың айтуынша, мемлекет фермерлерге тікелей субсидия емес, нарықтағы бағадан арзандатылған дизель отынын ұсынады. Биыл көктемгі егіс кезінде оның бағасы нарықтағыдан шамамен 15 пайызға төмен болды.

Вице-министр жанармай шығындары мал азығын дайындау, өнімді тасымалдау және қайта өңдеу кезінде маңызды рөл атқаратынын мойындағанымен, қазіргі жағдайға байланысты азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы күтілмейтінін айтты.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында агроөнеркәсіп кешені қажетті жанармаймен қамтамасыз етілген. Сондықтан сыртқы нарықтағы ахуал Қазақстандағы егіс жұмыстары мен ішкі азық-түлік нарығына айтарлықтай әсер етпейді.