Чехия астанасы Прагада өткен дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы төрт жүлдеге қол жеткізді. Отандастарымыз жарысты екі алтын, бір күміс және бір қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық олимпиада комитетінен хабарлағандай, жарыстың соңғы күнінде ел қоржынына бір алтын және бір күміс жүлде түсті. 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық Ғалымжан Қырықбай мен Жантілек Нұртілепұлы өзара күш сынасты. Тартысты белдесуде Ғалымжан қарсыласынан айқын басым түсіп, алтын медаль иеленсе, Жантілек күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта Тасним Абдуали қола медаль үшін белдескенімен, шешуші кездесуде Германия спортшысы Хелен Хабибке есе жіберді.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов чемпион атанса, Нұраділ Әлжан қола медаль жеңіп алған болатын.
Осылайша Қазақстан құрамасы Прагадағы Еуропа кубогын екі алтын, бір күміс және бір қола медальмен қорытындылады.