Қазақстан Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы жалпы отырыс өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның қорытынды отырысында сөз сөйлеп, 1 шілдеден бастап Парламенттің өкілеттігі тоқтайтынын, ал тамыз айында бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті сесса ресми түрде жабылады. Ал жаңа Конституцияға сәйкес, 1 шілдеден бастап қазіргі Парламент өз жұмысын аяқтайды.
«1995 жылғы Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент өзінің 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтап отыр. Алда еліміздің саяси дамуындағы жаңа кезең басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елдің одан әрі дамуына берік негіз қалайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, тамыз айында бір палаталы Құрылтайдың алғашқы депутаттарын сайлау өтеді.
Ол жаңа саяси институттың қызметі елдегі реформаларды жалғастырып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
30 жылда 3,5 мыңнан астам заң қабылданды
Мәулен Әшімбаевтың мәліметінше, екі палаталы Парламент 30 жыл ішінде елдің құқықтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына негіз болған мыңдаған заң қабылдады.
Осы кезеңде Сенаттың 890-нан астам жалпы отырысы өтіп, 3 500-ден астам заң қабылданған. Оның 350-ден астамын Парламент депутаттарының өздері бастамашылық еткен.
Бұдан бөлек, 60-тан астам парламенттік тыңдау ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара өткен.
Сондай-ақ Үкіметке халықтың өзекті мәселелеріне қатысты 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданған.
Палата төрағасы Сенаттың заң шығару қызметімен ғана шектелмей, өңірлерге тұрақты шығып, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін мемлекеттік органдардың алдына қойғанын атап өтті.
«Біз өз жұмысымызда әрдайым халықтың мүддесін басшылыққа алдық. Өңірлерге барып, реформалардың мәнін түсіндірдік, тұрғындардың пікірін тыңдадық және өзекті мәселелерді мемлекеттік органдардың қарауына ұсындық. Жұмысымыздың негізгі қағидаты – "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы болды», – деді ол.
Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары Сенаттың халықаралық парламенттік дипломатиядағы рөлі де күшейгенін айтты.
Бүгінде Палата 11 халықаралық парламентаралық ұйымның жұмысына қатысады. Сонымен қатар Сенат Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін ұйымдастыруға жауапты болып, соңғы жиырма жылдан астам уақытта сегіз съездің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Алғыс айтып, Құрылтайға сәттілік тіледі
Сөз соңында Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа реформаларды жүзеге асыру барысында көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ Сенат депутаттарына, Палата аппаратының қызметкерлеріне және Парламент жұмысы туралы ақпарат таратып келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта жұмысын бастайтын Құрылтайға сәттілік тілеп, оның Парламенттің 30 жылдық тәжірибесін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.