homepage
фото: жИ

Шілдеден бастап не өзгереді

29.06.2026, 11:01

Шілде айынан бастап Қазақстанда бірқатар жаңа заңдар мен өзгерістер күшіне енеді. 

Жаңа Конституция күшіне енеді

Референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Соған сәйкес:

  • Қос палаталы парламент таратылып, оның орнына бір палаталы “Құрылтай” құрылады;
  • “Халық Кеңесі” консультативтік орган ретінде жұмысын бастайды;
  • Вице-президент институты енгізіледі.

Бірыңғай QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігі

19 шілдеден бастап қазақстандықтар қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланғанына қарамастан, бірыңғай QR-код арқылы төлем жасай алады. Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудың жаңа ережелері күшіне енеді.

Ресейге кірудің жаңа тәртібі

Шілдеден бастап Ресейге жұмысқа немесе оқуға баратын қазақстандықтар “Госуслуги РФ” қосымшасында алдын ала тіркеліп, арнайы QR-код алуға тиіс. Өтініш шекарадан өтуден кемінде 72 сағат бұрын беріледі.

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

  • құрылыс саласы толық цифрландырылады;
  • лицензияланған компаниялардың электрондық тізілімі жасалады;
  • құрылыс процестері бірыңғай цифрлық платформалар арқылы бақыланады;
  • сейсмикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптар күшейтіледі;
  • құрылысшылардың жеке жауапкершілігі артады.

Газ қымбаттайды

Энергетика министрлігі мәліметінше, шілдеден бастап тауарлық газдың бағасы өңірлерге қарай 33%-ға дейін өсуі мүмкін. Бағаның көтерілуі газ инфрақұрылымын жаңарту және жылыту маусымына дайындықпен байланыстырылады.

Маркетплейстерге жаңа салық

ЕАЭО-ның жаңа ережесіне сәйкес, Temu, AliExpress, iHerb және басқа да шетелдік интернет-дүкендерден 200 еуродан қымбат тауар сатып алғандар 21,8% көлемінде кедендік төлем мен ҚҚС төлейді. 200 еуроға дейінгі тауарларға бұрынғы тәртіп сақталады.

Электрсамокаттарға талап күшейеді

  • самокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады;
  • жалға алу тек 18 жастан асқан және жүргізуші куәлігі бар азаматтарға рұқсат етіледі;
  • барлық самокаттарға мемлекеттік тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру енгізіледі.

Әскерге шақыру цифрландырылады

4 шілдеден бастап әскерге шақыру рәсімі толық цифрлық форматқа көшеді. Шақыру, медициналық қорытындылар және комиссия шешімдері электронды жүйе арқылы рәсімделеді.

Жаңа әуе бағыттары ашылады

  • FlyArystan – Астана – Тамшы (Ыстықкөл);
  • Air Astana – Астана – Дубай;
  • SunExpress – Измир – Алматы.

Грантқа өтініш беру басталады

Жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына құжат қабылдау 13–20 шілде  аралығында өтеді. Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Астана күніне байланысты демалыс

6 шілде – Астана күні. Биыл мереке дүйсенбіге сәйкес келеді.

Соған сәйкес, бес күндік жұмыс аптасындағылар 4, 5 және 6 шілде қатарынан үш күн демалады. Алты күндік жұмыс аптасындағылар 5 және 6 шілде жұмысқа шықпайды.