homepage
Видеодан кадр

Талапкерлерді алдап соққан қазақстандық Албаниядан экстрадицияланды

29.06.2026, 11:27

Қазақстан азаматы ондаған адамды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, жоғары оқу орындарына кепілдікпен оқуға түсіремін деп алдап, 28 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен Албаниядан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні Қазақстанға қайтару жұмыстары Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Албаниядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан.

"Тергеу нұсқасына сәйкес, 2022-2023 жылдары күдікті интернет арқылы жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, оларды жоғары оқу орындарына кепілдікпен оқуға түсіретінін айтып, жалған жарнама таратқан.

Соның салдарынан 32 азаматқа жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылдың мамыр айында Албания аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Егер оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.