25 маусымда Венесуэлада болған жойқын зілзаладан қаза тапқандар саны 1450 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық ассамблеяның төрағасы Хорхе Родригес 28 маусымда телеүндеу барысында хабарлады.
Үйінді астынан тірі қалғандарды табу мүмкіндігі күн өткен сайын азайып келеді. БҰҰ Даму бағдарламасының алдын ала бағалауынша, жер сілкіністерінен келген тікелей материалдық шығын 6,7 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал, із-түзсіз жоғалғандар саны 68 мың адамға жетті.
Парламент спикерінің айтуынша, магнитудасы 7,5-ке жеткен жер сілкінісі салдарынан 3150 адам түрлі жарақат алған.
«Қазір адамдардың өмірін сақтап қалу үшін ең шешуші кезеңді өткеріп жатырмыз», – деді Хорхе Родригес.
Табиғи апаттан кейін 12,7 мың адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар, 774 ғимарат қираған немесе зақымданған. Олардың қатарында ауруханалар да бар.
Хорхе Родригес халықаралық қауымдастыққа көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, шетелден келген 2624 құтқарушы мен іздестіру иттері жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, құрбандар санының күрт өсуі ең қатты зардап шеккен Ла-Гуайра қаласына халықаралық құтқарушылардың жетуімен байланысты. Ел астанасы Каракастан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан бұл өңірде ондаған тұрғын үй қираған.